Алтай ауданында ер адам екі зейнеткерді азаптап өлтірген

475
көрілім

Қаңтар айының 25-і күні Алтай ауданы Прибрежный кентінің тұрғындары көрші үйлердің бірінің өртенуінен таңсәріден оянды. Оқиға орнына келген өрт сөндірушілер тілсіз жауды ауыздықтап, үйге кіргенде екі мәйтті көрген, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Анықталғандай, еденде азаптап өлтіріліп, денесін жартылай күйік шалған 83 және 74 жастағы зейнеткерлердің мәйіттері жатты. Олардың денелерінде көптеген пышақ жарақаттары болған. Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 99-бабы 2-бөлігіне (кісі өлтіру) сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары басталып, соның аясында 8 ай ішінде жедел уәкілдер оқиғаның бірнеше нұсқасын әзірледі.

Нәтижесінде, осы жылдың қазан айында осы ауыр қылмысқа қатысы бар деген күдікті анықталды.

- Ол жәбірленушілерге бұған дейін тіс қайрап жүрген 37 жастағы ер адам болып шықты. Кісі өлтіргеннен кейін ол әдейі үйді өртеп, оқиға орнынан ізін суытқан. Қазір күдікті қамауда, сотқа дейінгі тергеу амалдары жалғасуда, - деді ШҚО Полиция департаменті бастығының орынбасары Талғат Шаяхметов

Сондай-ақ Полиция департаменті аса ауыр қылмыс үшін сот кінәлі деп таныса, күдіктіге 20 жылға дейін немесе өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін екенін атап өтті.