Алтай ауданында оқушылар балабақшада оқып жатыр

159
көрілім

Жаңа Бұқтырма кентіндегі қабырғасы қаусап тұрған нысанда оқушылар 20 жылдан астам уақыт оқып келеді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Мемлекеттік тілде білім беретін мектеп 1991 жылдан бері балабақша ғимаратында. Нысанның іргетасы 70-ші жылдары қаланған. Қазіргі уақытта іргесі сөгіліп, кірпіштері үгітіліп тұр. Оқушылардың ұзын-саны 130-дан асады. Кент тұрғындарының сөзінше, Президент тапсырмасына сәйкес, Жаңа Бұқтырма 1000 мектеп салу жөніндегі тапсырмаға ілінбеді. Ата-аналардың сөзінше, дәліздері тар, ғимарат ішін көгерген иіс жайлаған. Оқушыларға терезеден күннің жарығы да әлсін-әлсін түседі.

Осы мәселені әлеуметтік желіде жариялаған «Әділдік жолы» РҚБ ШҚО филиалының басшысы, қоғам белсендісі Әділ Пшеновтің сөзінше, балалар оқып жатқан ғимараттың әбден ескіргенінен көп шенеунік хабардар. Бірақ істеп отырғандары түсініксіз. Бұған қатысты Алтай ауданы әкімдігінің өкілдері де пікір білдірді. Дегенмен Әділ Пшеновтың ойын жеткізіп бітейік.

– Ғимараттың 50 жылдан астам уақыт бұрын салынғанын ескеріп, ШҚО Құрылыс басқармасы 2023 жылы 200 орындық мектеп құрылысын бастайды. Нысан паспортына көз жүгіртсек, жоба құны – 2 млрд теңге. Алайда мемлекеттік сатып алу (бір дереккөзден болуы керек) арқылы аталған келісімшарт өтпеді. Негізінде мектеп 2024 жылдың тамыз айында салынып бітуі керек еді, – деді ол.

Қоғам белсендісі 200 орындық мектептің биыл қолданысқа берілетіндігіне күмәнмен қарайды. Себебі, алдымен тамыз деп, кейін қараша айына шегерді. Оның сөзінше, уақытын тағы создырса да, құрылыс аяқтала қоймайды. Жұмыс қарқынын есепке алсақ, жарты жылда тек іргетасы қаланған.

– Мектеп 2023 жылы салынып басталды. ШҚО Құрылыс, энергетика және ТҮКШ басқармасы оның әкімшісі болып саналады. «Мектеп салынсын» деген бастаманы білім ошағының директоры ғана көтерген жоқ, тұрғындар, депутаттар мен жергілікті атқарушы орган да қолдады, – деді аудан әкімінің орынбасары Жанна Асқарова.

Асыл АЙТБАЕВ (Фотосуреттер Әділ Пшеновтың жеке парақшасынан)