Алтай ауданында үш жылдың ішінде 60 көше жөнделген

450
көрілім

Бұл туралы аудан әкімі Нұржан Тоқсейітов журналистермен өткен жиында мәлімдеді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Ағымдағы жылы ШҚО әкімі Даниал Ахметовтың қолдауымен облыстық бюджеттен 300 млн теңге бөлінген. Алтай қаласында Промышленная, Тоқтаров, Астана, Курчатов көшелері жөнделді. Серебрянск қаласы бойынша Веденеев, Графтио, Гаражная және орталық алаңмен бірге Ленин көшесі жөндеуден өтті.

Бұдан бөлек, елді мекендерді абаттандыру мақсатында ағымдағы жылы бюджеттің 4-деңгейіне көшкен әр қала мен округке 10 млн.теңгеден бөлінді. Шілде айында Алтай қаласындағы абаттандыру жобаларына қосымша 60 млн. теңге қарастырылған. Қазірдің өзінде 24 спорттық алаң мен балалар ойын алаңы тұрғызылып, тротуарларға ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. 3 көпқабатты үйдің аулаларына асфальт төсеу жұмыстары жүргізілді.

Осылайша Алтай қаласында Космонавттар көшесінің тротуары күрделі жөндеуден өтіп, 10 спорттық-ойын алаңы ашылды, Серебрянск қаласында балалар алаңы жөнделіп, Ленин, Некрасов, Шоссейная, Веденеев, Новая көшелерінің қоршаулары мен тротуарлары жөнделді. Жаңа Бұқтырма кентінде саябақты абаттандыру және балалар алаңдарын орнату жұмыстары жүзеге асты. Зубовск кентінде 2 спорттық ойын алаңы орнатылса, Октябрь кентінде Street Workout және балаларға арналған ойын алаңдары пайда болды. Осындай алаңдар Малеевка және Соловьево ауылдық округтерінде де бар.

– 3 жыл ішінде біз 60 көшеде жөндеу жұмыстарын жүргіздік. Аулалық алаңдарды көркейтіп, әсіресе шалғай елді мекендерді үлкен назарға аламыз. Барлық тұрғындар үшін жағдай жасаймыз. Бұрын кейбіреулер балаларын демалтып, алаңдарда ойнату үшін арнайы Өскеменге барған. Енді өзімізде бар. Сондай-ақ қазір аудан орталығын көгалдандыруды қолға алдық. 35 мыңнан астам гүл егілді. Алтай қаласы болашақта бақшаға айналатындай етуді жоспарлап отырмыз, - деді Нұржан Тоқсейітов.