Аудан әкімі Нұржан Тоқсейітовтың айтуынша, мәселе қатаң бақылауға алынып, барлық адам қайта бұрынғы қызметтеріне орналасады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Естеріңізде болса, 1 қараша күні «БЦК» ЖШС-нен ҚР Еңбек кодексі бойынша 79 жұмысшы өтемақы төлемімен жұмысынан шығарылған еді. Бұл келісім екі жақтың қол қойған еңбек келісімшартымен қаралған.
– Кеше ғана біз зауыт басшылығымен кездесу өткіздік. Бұл мәселе тек менің ғана емес, аймақ басшысы Даниал Ахметовтың бақылауында тұр. Қазіргі уақытта 11 адам жұмысқа орналастырылды, 6 адам – зейнеткер, 40 адам - "ВГС" ЖШС, "БСО" ЖШС, "Vк Атлант" ЖШС мердігерлік ұйымдарына жұмысқа орналасады. Қалған 22 адам "БЦК" ЖШС - да жұмысты жалғастыра алады. Егер ол мүмкін болмаса, оларды басқа жұмыспен қамтамасыз етеміз, - деп атап өтті аудан әкімі.
Бұдан басқа, ШҚО әкімі Даниал Ахметов әлеуметтік желідегі өзінің парақшасында хабарлағандай қазір жауапты органдар қысқартудың заңнамамен сәйкестігін анықтайды. Апта соңына дейін Алтай ауданының тұрғындарын жұмысқа орналастыру мәселесі шешілмек.
– Ең алдымен осы адамдарға қамқорлық жасауымыз керек. Бірде-бір адам жұмыссыз қалмайды деп айта аламын. Ауданның барлық тұрғындары аудан басшылығынан қамқорлықты сезінуі тиіс. Біздің саясатымыз осыны ұстанады, – дейді Нұржан Тоқсейітов.
Данияр ЗАЙНЕЛОВ