Алтай ауданында көпбалалы және аз қамтылған отбасылар үшін 30-дан астам жеке тұрғын үй салынбақ, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
«Нұрлы жер» тұрғын үй коммуналдық даму мемлекеттік бағдарламасын іске асыру, сондай-ақ облыс әкімі Даниал Ахметовтың тапсырмасын орындау аясында Алтай қаласының 10 шағын ауданында жеке құрылыс салушылар есебінен 14 жеке тұрғын үй салуға меморандум жасалды. 2021 жылы дәл осындай қосымша 20 үй салынбақ.
Жалпы, Алтай ауданында 475 көп балалы және 89 аз қамтылған отбасы тұрады. Бүгінгі таңда мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй алу кезегінде 24 көпбалалы отбасы тұр.
- Үйлерді бюджет қаражаты есебінен сатып алу және оларды кезекке тұру тәртібімен көп балалы отбасыларға беру жоспарлануда. Отбасылардың сапалы өмір сүруін қамтамасыз ету үшін қазірдің өзінде сумен жабдықтау және кәріз желілері жүргізілуде. Электрлік тіректерді орнату және көшелерді жарықтандыру жұмыстары басталды. Жұмыс менің жеке бақылауымда, - деп атап өтті Алтай ауданының әкімі Қалихан Байғонысов.