Алтай ауданының медициналық әл-ауқаты жоғары

487
көрілім

Бүгін облыс әкімі Даниал Ахметов Алтай ауданында арнайы жұмыс сапарымен болып, аудандық перзентханадағы жөндеу жұмыстарымен танысып, аудан орталығындағы бірнеше көпқабатты тұрғын үйдің ауласын абаттандыру, спорттық құрылғыларды орнату барысын бақылап қайтты, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

Алтай қаласында қайта жөндеуден өткен ауданаралық аурухананың перзентханасы үш ауданның тұрғындарына қызмет көрсетпек. Жылына 120 мың болашақ ананы қабылдауға қауқары бар перзентхана бұдан былай үшінші деңгейге ауысады. Жалғыз Алтай ауданына ғана емес, сондай-ақ Катонқарағай, Күршім аудандарын да қатар қамтитын мекемеге өткен жылы 357 млн. теңгеден астам сомаға 67 медициналық құрылғылар мен техника сатып алынған.

2018 жылы Алтай ауданындағы инсульттік орталық пен перзентхананың 9 маманы Ұлыбританияда білімдерін жетілдіріп келсе, биыл перзентхананың бес қызметкері Литваның Вильнюс қаласында оқудан өтті. Заманауи құрылғылар сатып алынды. Келесі жылы Алтай ауданында кардиология орталығын ашпақпыз. Жаңа орталық үздік қондырғылармен жабдықталады – деді Даниал Ахметов.

Айта кетсек, қазіргі уақытта перзентхананың екінші және үшінші бөліктеріндегі жөндеу жұмыстары аяқталған. Ғимараттың ішкі жөндеу жұмыстары 70 пайызға, ал қасбетінің жұмыстары 90 пайызға аяқталып, бөлінген қаражат 88 пайызға игерілген. Перзентхананың жөндеу жұмыстарын толықтай аяқтау жыл соңына жоспарланған. Перзентханада екінші ұлын дүниеге әкелген жас ана Фаина Рязанова жүргізілген жөндеу жұмыстарына өз алғысын білдірді. - Палаталарымыз толықтай жабдықталып, жаңартылған. Жас аналарға қажет жағдайдың барлығы жасалған, - дейді жас ана. Облыс әкімі жөндеу жұмыстарымен таныса келе, құрылысшылар тарапынан жіберілген олқылықтарға тоқталды. - Жаңа перзентханадағы жөндеу жұмыстарын сапалы аяқтауларыңыз қажет. Жіберген олқылықтарыңызды жойып, нысанды толыққанды тапсырыңыздар. Әлемдік деңгейдегі жабдықталған аурухананың сапасы да жоғары болу қажет, - деді Даниал Кенжетайұлы.

Биыл Алтай ауданындағы тұрғын үйлер ауласында 12 street workout алаңдары, 3 жаңартылған спорттық алаңдар бой көтерген.

Алтай ауданы жылдан жылға көркейіп, абаттандыру жұмыстары қала көркіне жаңа рең беруде. Балаларымыз жаңа аулаларда ойнап, жасалған жұмысқа біздің көңіліміз тоқ, – деді аймақ басшысына алғысын жаудырған Алтай қаласының тұрғыны Гүлбаршын Асубаева.

Даниал Ахметов бой көтерген спорттық алаңдармен таныса келе, алдағы уақытта сапасына мән беруді тапсырды.

Бұл алаңдар ең алдымен балаларға жасалып жатыр. Біз келесі арнайы спорттық алаңдарға 100 млн теңге қаржы бөлеміз. Сондықтан оның сапасы бірінші кезекте болу керек. Барлық талаптарға жауап беретін фирмалармен жұмыс жүргізу қажет. Сонымен қатар спорттық нысандарды орнатып, керек жарақтарын жасауға жергілікті кәсіпкерлердің де қауқары бар. Сондықтан аудандық әкімдік жергілікті кәсіпкерлерді тартып, жұмыс жүргізу барысын ойластыру қажет, – деді Даниал Ахметов.