Алтай ауданының тұрғыны бақшасында есірткі өсірген

583
көрілім

Маусым айының соңында Серебрянск қаласында есірткіні заңсыз сақтады деген күдікпен 35 жастағы жергілікті тұрғын ұсталды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Тінту барысында оның тұрғылықты жерінен қарасора өсімдігінің 74 бұтасы, өсімдік тектес заты бар полиэтилен пакеті, сондай-ақ ерекше иісі бар заттың бір шайындысы табылып, тәркіленді.
Сараптама қорытындысына сәйкес бұталар каннабис өсімдігі болып шықты және жалпы салмағы шамамен 540 грамм болатын есірткі заттарына жатады. Сондай-ақ тәркіленген пакетте 146 грамнан астам кептірілген марихуана бар екені анықталды.
- Ер адам өз бақшасында қарасора өсіріп, бір қап марихуананы кір жуғыш машинаға жасырып қойған. Тұрғынға қатысты келуге міндеттеу түріндегі процессуалдық мәжбүрлеу шарасы таңдалды. Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 300 - бабы 1-бөлігіне (құрамында есірткі заттары бар, өсіруге тыйым салынған өсімдіктерді заңсыз өсіру) сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды, - делінген мәліметте.