Ресми ақпаратқа сүйенсек, тұрғын түз тағысын өз бетінше қуып тастауға тырысқан, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Алтай ауданы әкімдігінің ақпаратынша, оқиға сәуір айының 28-і күні Быково ауылында болды.
- Үйдің қожайыны қасқырды қуып шығуға талпынып көрді, бірақ жыртқыш өзіне шапты. Тап беріп, аулада жұмыс істеп жүрген адамды тістеп алды. Онымен қоймай, екі итке азуын батырып, ізін суытты. Сәлден соң ауылдастар тағының ізіне түсіп, жыртқыштың жолын бөгеді, - делінген аудан әкімдігінің әлеуметтік желідегі парақшасында.
Дегенмен қасқырды атып алды ма, соғып алды ма - онысы жазылмады. Аң жалғыз жүрмеуі мүмкін деген қауіппен төменгі Быково ауылының он оқушысы 29-шы сәуір күні қашықтан оқуға көшірілді.
- Жергілікті атқарушы органдар, ветеринарлық және санитарлық-эпидемиологиялық қызмет өкілдері болған оқиға бойынша дереу шара қолданды. Қазіргі уақытта тұрғындар арасында ауыр жарақат алған ешкім жоқ. Малға да зардабы тимеді. Тиісті шаралар негізінде қасқыр шапқан адам мен жануардың өзінен анализ алынып, сараптамаға жіберілді. Бүгінде жағдай қалыпты, балалар штаттық режимде оқып жатыр, - деді әкімдік өкілдері.
Бұдан соң аудандық аурухана дәрігерлерінің пікірін біліп көрдік. Олардың ақпаратынша, ауылдастар қандыауызды кешкісін өлтіріпті.
- Аңның азуы киімнен өтіп барып, тұрғынды жарақаттады. Кеше ол адамға құтырмаға қарсы екпе салып, ем-дом жасадық. Вакциналар тиісті мөлшерге сәйкес салынып тұрады, - деді Алтай аудандық ауруханасының бас дәрігері Олжас Зейноллаұлы.