«Алтай» әйелдер волейбол командасының клубтық Әлем чемпионатындағы алғашқы қарсыластары анықталды

837
көрілім

Олар үшін 2016, 2017 және 2018 жылдар сәтсіз болды. Әсіресе Өскеменде өткен додада қалың жанкүйер тақым қысып, тілеулес болғанда жеңісті уыстан шығарып алды. Негізі волейболдан клубтық Азия чемпионаттарында ерлерден гөрі әйелдер командасының көбірек мерейі үстем болған. Бәлкім, бұрымдылардың ішкі дербиі себеп болған шығар, биыл құрлықтық додада топ жарудың сәті түсті. Иә, басқа клуб емес, тақырып өскемендік «Алтай» арулары жайында. Олар жуырда бұрын-соңды өз тарихтарында тіркелмеген нәтиже көрсетіп айды аспанға шығарды. Бір айта кетерлігі, Марко Гршич шәкірттері Тайланд жеріндегі тартыста еуропалық ойын үлгісімен алысқа баратындарын алдын ала сезгендей әсер қалдырды.

Қоладан қағылған жылдар

«Алтай» әйелдер клубы құрылғалы алдымен түркиялық Бурхан Жанболат бапкер болып тағайындалды. Кейінгі кикілжіңге тоқталғаннан гөрі сол кездегі көрегенділігін айта кеткен орынды. «Алтайлықтар» Ұлттық лига жүлдесі үшін жорыққа түскен жыл. Кейбір позиция ойыншылары әлі де болса сенімсіздеу ойын көрсетіп жүрді. Сөйтіп 2016 жылы допты мінсіз қабылдайтын Инна Матвеева, шабуылдың шеберлері Елена Эзау мен Ольга Бирюкова шақыртылды. Әрі қарай тек бір жыл ішінде Ұлттық лигада топ жарудың сәті түсті.

Бұдан соң Юрий Панченко тізгінді қолға алып, республикадан асып клубтық Азия чемпионатында олжа салу харекетін жасады. 2017, 2018 жылдары еліміздің волейбол федерациясы құрлықтық аламанды Өскеменде өткізу жайлы шешімді мақұлдап, халықаралық деңгейдегі мамандар да мұны қос-қолдап қолдады. Бірақ бойлары сұңғақ, тосқауыл қоюда да көш ілгері команда жүлде алуға үміт сыйлағанымен келген ұжымдар шеттерінен «Сен тұр, мен атайын» дегендер болды. Әсіресе, Қытай, Жапония және Тайланд волейболшылары қалпақпен қағып алатын командалар емес. Сенесіздер ме, екі жыл қатарынан өскемендік команда жартылай финалда жол беріп, әрі қарай қола медаль үшін өткен ойында да сәтсіздікке ұшырады. Б.Александров атындағы Спорт сарайындағы кей жанкүйер «Апырай-ай, көңіл-күйді көк етігімізге дейін түсірді бұлар! Мүмкін емес, менде дежа-ваюю» деп қайталанған жеңілістер сериясынан естерін жия алмай біраз отырды. Сөйтіп 2017-18 жылдары Тайландтың «Супреме Чонбури» ұжымы үздік шықса, Жапониядан келген «Хисамицу Спрингс» пен «НЭК Ред Рокетс» күміспен күптелді. «Алтай» ше? «Алтай»… қатарынан үш рет төртінші орынмен шектелді.

Серб маманына сенім артылды

Қазір соның барлығы өткен күннің естелігіне жұтылды. Сол 2018 жылы клубтық Әлем чемпионатына қатысып, бесінші орынннан көрінген ала доп шеберлері жаһандық аламандарға қатысуға қауқарлы команда екендерін биыл қайтадан дәлелдеді. Барлығы Тайландтың Накхонратчасима шаһарында өткен бәсекеден басталды. Бұл жолғы аламанға ұдайы фаворит саналатын қытай, жапон елдерінің клубтары келмеді. Себеп – пандемия. Есесіне өскемендік арулардың ел ішіндегі сыралғы қарсыластары «Жетісу» волейболшылары шет қалмады. Түрлі себептерге байланысты «Алтайдан» іргесін аулақ салған Бурхан Жанболат жетісулықтарды бастап жеңістің жаңа сатысына көтерілуге асықты. Айтпақшы, Шығыстың аруларын 2019 жылдан бастап серб маманы Марко Гршич баптап келеді. Алдымен «Алтай-2» жастарын жаттықтырған ол кейін облыстағы негізгі клубты басқаруы туралы шешім шықты.

Марко Гршичтің ойыншыларды жігерлендіру сәті

Сөйтіп, 2021-2022 жылдары Суперкубок пен ел чемпионатын бағындырған соң клубтық Азия чемпионатына әзірлік басталды. «Алтай» осыған дейін мықты болса да осы жолғы ойыншылар өзінше күшейте түсті. Айталық «Жетісу» жейдесін киген Надежда Кодола мен «Алматы» үздіктерінің бірі Жанна Сыроешкина келіп, өз «аймақтарында» ұпайдан шашау шығармауға бекінген. Кім білсін, бір жылдары өзі үлгі тұтып, ойынына тамсана қарайтын Сана Анақұловамен бір клубта иық тірестіре ойнаймын деу кәперіне де келмеген болар Жаннаға. Дегенмен оның Тайландтағы додада «Алтайдың» капитанымен әр ұпай үшін жұдырықтай жұмыла ұмтылғаны рас. Нахконратчасимадағы сенімді ойынның басы Түркияда өткен оқу-жаттығумен байланысты екені сөзсіз. Себебі ол жақта Болгарияның чемпионымен шеберлік байқасып, өздеріне тән ойын жүйесін тағы бір байқап алды.

Команда құрамы қандай?

Шабуылшы шегелеп ұрған соққылар мен бос алаңға тастай салған доптардың барлығын қабылдайтын либероның міндеті өздеріңізге мәлім болар? Ендеше, сондай жаңа лептің бірі клубты толықтырған Мадина Бекет. Шабандоздың жүйрікпен бүркітше шүйіліп келіп теңгені іліп әкеткеніндей түсіп кеткен әр допты ойынға қоса білуі командамен келісімшартты ұзартуына негіз болды.

Сөйтіп, ұзын-ырғасы жеті команда жиналған аламан қазан айының басында бөгеуін ағытты. «Алтай» бір топта Rebisco Philippines (Филиппины), Saipa (Иран) және сайыс қожайындары Supreme Chonburi командаларымен шеберлік байқасты. Сана Анарқұлованың «Азиялық ұжымдармен ойнау қашан да күрделі» деуі тегін емес. Көпшілігі қорғана жүріп-ақ ұпай жинайды. Айтпақшы, сіздерге өскемендік клубтың құрамын ұсына кетейік:

Сана Анарқұлова

1) Сана Анарқұлова (капитан), 2) Жанна Сыроешкина, 3) Жанат Қадырбекова, 4) Зарина Ситказинова, 5) Полина Уфимцева, 6) Людмила Исаева, 7) Ирина Кенжебаева, 8) Елизавета Мейстер, 9) Жанель Ноғайбаева, 10) Кристина Белова, 11) Даница Раденкович, 12) Мадина Бекет, 13) Надежда Кодола және 14) Кристина Аниконова.

Ұйымшыл ұжым

Алғашқы ойын Филиппин елінің ұжымымен өтіп, үш сетте де (25:23, 25:13, 25:17) шығысқазақстандық команда басым түсті. Топтық кездесудің екінші ойыны әлдеқайда күрделі болады деп күтілгенімен ирандық Saipa айтарлықтай қауқар көрсете алмай, тіптен ойсырай (25:11, 25:20, 25:15) ұтылды. Сөзсіз, еуропалық ойын үлгісі бір сәт басымдық ала бастаған. Оған қоса, команда қарқын алып үлгергенде Марко Гршич шәкірттері жергілікті Supreme Chonburi-дің қарымын байқады. Бірінші сет бел ортасынан асқанда тай елінің ойыншылары қорғаныста мінсіз ойнап, есепте алға шыққан сәті де болды. Әйтсе де капитан мен Кодоланың сенімді ойыны кездесудің алғашқы бөлігін 25:23 етіп «Алтайдың» пайдасына шешті. Әрі қарай 25:12, 25:14 есептері тіркеліп, тұтас ұжымның тек ұйымшылдығы ғана көрініс берді.

Азиялық волейболдың артықшылығы

Жартылай финалда оған дейін «Жетісуды» сан соқтырған Saipa қайтадан қарсылас атанып, ойынның екінші партиясы солардың еншісіне кетті. Міне қызық, енді бір қателессе, финалға шығуы неғайбыл «Алтайдың». Жо-жоқ, әйтеуір тосқауыл мен төртінші аймақтан жасалған шабуылдар сәт сайын жемісін беріп, үшінші сет толықтай Марко Гршич ойыншыларының бақылауында өтті. Соңғы партияны 25:22 есебімен аяқтап, келесі күні финалға әзірлікті бастап кетті.

Мадина Бекет

Қазан айының 7-сі, шешуші ойын, қарсылас «Накхонратчасима» (Тайланд). Падейсук Ванначоте баптайтын ойыншылар нағыз азиялық волейболды көрсетті. Олардың басты межесі – тосқауыл емес, алаңға доп түсірмеу. Әрі қарай төмендеп кеткен доптың өзінен жойқын шабуыл ұйымдастыруға болады. Дегенмен өскемендік команда ойын тізгінін толықтай өз қолдарына алып, үш сетте те (25:22, 25:22, 25:20) тырп еткізбеді. Сонымен «Алтай» – әйелдер командалары арасындағы клубтық Азия чемпионатының жеңімпазы! Ұйымдастыру комитеті шығысқазақстандық ұжым сапындағы бірден төрт ойыншыны марапаттады. Атап айтсақ, «Ең бағалы ойыншы» – Сана Анарқұлова, «Ең үздік диагональды шабуылшы» – Кристина Белова, «Ең үздік либеро» – Мадина Бекет және «Ең үздік шабуылшы» – Надежда Кодола.

***

Бұл ғана емес, Анарқұлова бастаған арулар енді желтоқсан айының 15-19 аралығында Түркияның Анкара шаһарында өтетін клубтық Әлем чемпионатында ел намысын қорғайды. Алғашқы қарсыластар да белгілі: «Фенербахче» және «Вакыфбанк» (екеуі де Түркия), чемпиондар лигасын ұтқан «Имоко Воллей» (Италия) клубтары. Барлығы алты ұжым қатысатынын ескерсек, тағы екеуі Оңтүстік Америка құрлығынан келмек.

Тағы бір айта кетерлігі, жуырда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Алтай» волейболшыларына «Халықаралық дәрежедегі спорт шебері» атағын табыстау жайлы спорт министріне тапсырма бергені-тұғын.

Әділхан ЕСІМХАНОВ