«Алтай» футбол клубының алдында бірінші лигаға өту межесі тұр

441
көрілім

Алпыс жылдан астам уақыт бұрын «Восток» футбол клубы құрылғанда касса алдындағы нөпір кезегі үзілмей, у да шу тірлік әдепкі жайтқа айналған еді. Қазір барсаңыздар алаңда мүлгіген тыныштық. Әншейін «бізде осындай нысан бар» деу үшін салып қойған ба дерсің. Негізінде өскемендік клубтан түлеп ұшқан таланттар көп. Ендігіде сол үздіктерді таратып жібермей, облыс намысын арқалайтын тұрақты команда жасақтау мәселесі тұр. Түрлі дереккөзге сүйенсек, оның жолы бар. Сайт тілшісі соны тарқатып жазуға тырысты.

Өңір футболы өрлеген кез
Ойға қонымды ақпарат ұсыну үшін Шығыс футболының қазанында қайнап жүрген бапкер, болмаса мамандар пікірі қажет еді. Қазір жастар мен жасөспірімдерді баптап жүрген Жандос Юсубалиевпен әңгімелестік. Айтуынша, шәкірт жаттықтырып жүргеніне 30 жылдан асты. 1990-шы жылдардан бері алсақ, өңір футболын қамтыған барлық өзгерісті басынан өткерді. Бізге аймақ футболының айтарлықтай өркендеген жылдары қызық болды.
– Бірден 1980-ші жылдар ойға келеді. Ол кезде балалар-жасөспірімдер спорт мектебі жұмыс істеп тұрды. Команданың 70-80%-ы жергілікті жігіттер еді, бапкерлер де осы өңірдің тумалары. Бертіндері ашылған футбол академиясын айта кетуге болады. «Алтай» футбол академиясы 2016-2019 жылдары жұмыс істеді. Балаларды жыл-жылға бөліп, италиялық маманның жетекшілігімен күнделікті сабақ өтті, – деді Жандос Қайырұлы.

Жандос Юсубалиев


Италиялықтан бұрын испан және украиналық азаматтар да еңбектенген. Бапкерлік құрам 7-10 жас аралығындағы жеткіншіктерге доп тебуді ғана емес, алаңдағы түрлі әдістерді үйретті. Әр ауданнан үздік нәтиже көрсеткендері Өскеменде дайындалды. Үстел теннисі орталығының жанындағы интернатта тұрақтап, бір уақытта жаттығуға барып келіп жүрді. Жазда «Восток» стадионында жиналса, қыста залдарға ауысады. Осы академияның арқасында біршама бапкер халықаралық лицензияға ие болды. Астаналық «Жеңіс» командасын бірінші лигадан Супер лигаға алып шыққан Ринат Әлуетов Шығыс Қазақстанның тумасы.
Қаладағы футбол жанашырларынан сұрасаңыз, көбі 1990-шы жылдары ел көлемінде футболдың дамуы кенжеледі деп айтады. Себебі, бас қатырар мәселе көп, доп тебуге мұрша болмады.
Дегенмен 1963 жылы құрылған «Восток» футболы клубы қай уақытта болсын шебер ойынымен көзге түсті. 1990-шы жылдың басында Қазақстан Кубогін ұтып, көш ілгері көп команданың алдын орады. КСРО чемпионатында көбінде екінші лигада ойнаса, ел чемпионатының тұрақты қатысушысы.
Қазір жергілікті клуб неліктен еш жерде аталмай кетті? Негізгі кемшіліктері неде? Осыған дейін команда атауында бірнеше рет өзгеріс болды. Тоқ етері, 2017 жылы «Алтай» футбол клубы ЖШС болып қайта құрылып, жасыл алаңдағы жорығын жалғастырды. Ол уақытта мекеме Семейде жұмыс істеп тұрған еді, 2022 жылы Өскеменге ауыстырылды. Қазір «Алтай» ел чемпионатының екінші лигасында ойнап жүр. Бейресми ақпаратқа сүйенсек, ескі атауы «Востокты» қайтарып, клуб алдына жоғары меже қойған.
– Менің ойымша, материалдық-техникалық базаны дамытпай, нәтиже көрсету қиын. Егер «Востокты» аяққа тұрғызамыз десе, жаңа стадион салу қажет. Жаттығу қыста да жалғасу үшін төбесі жабық манеждің болғаны орынды. Ал «Восток» Қазақстан чемпионатында бақ сынап, кейін Премьер-лигаға өтіп жатса, заманауи стадион керек, – деді бапкер.

Білікті бапкерлер жетерлік
Облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасы өкілдері өткен жылдың соңында «Алтайдың» 2025 жылға қойған жоспары жайлы ақпар ұсынған болатын. Материалдық-техникалық базаның нашар екенін олар да растады. Одан бөлек, ұжымға қосымша қолдау білдіретін демеушілердің жоқтығы көп шығынды облысқа жүктейді.
– Футбол клубы облыс бюджеті есебінен қаржыландырылады. Қазақстан чемпионатына қатысу бойынша шарттық міндеттерді толық орындауда. Қазіргі уақытта «Алтай» футбол орталығында 647 бала тәрбиеленуде. Оның ішінде, 2005-2011 жылдары туған 425 бүлдіршін футбол академиялары мен орталықтары арасындағы ел чемпионатына қатысып келеді, – деді басқарма басшысы Асқар Можанов.
Жандос Юсубалиевтың айтуынша, облыста футзал жақсы дамыған. Қазірдің өзінде түрлі лигада 70 команда бар. Олар қыста залдарда үздіксіз жаттықса, 1960-шы жылдары салынған «Восток» алаңы инфрақұрылымнан алшақтай бастаған. Еуропалық стандартқа сай болуын ескеріп, ұсақ-түйегіне мән берсек, киім ауыстыратын бөлмесінен бастап ескіріп тұр. Қуанарлығы сол, аймақта А, Б, С лицензиясына ие жастар мен ересектер бапкері жеткілікті. Ұзын-саны 20-дан асады.
– Үш жылдай жұмыс істеген «Алтай» академиясындағыдай семинарлар көптеп өткізілсе, спорт орталықтарының жаттықтырушылары да кәсіби тұрғыда дамиды. О.Рыпакова атындағы манеж, «Орталық бассейнді» алайық, балалар қуана-қуана барады. Жаңа дүние көз тартады ғой, – деді бапкер.
Төбесі жабылатын манеждер Алматы мен Астанадан бөлек, Қостанай мен Павлодарда бар. Алматыны есепке алмағанда, қалған үш қаланың қысы суық. Демек, құрылыс Өскеменде қолға алынса, әсте орынды.
Бүгінде «Алтай» командасы Қазақстан Кубогіне қатысып келеді. Ал екінші лигада 4-ші орынға жайғасқан. Көш бастап тұрған «Ұлытаудан» 25 ұпайға қалса, 3-ші орындағы «Шахтер М-мен» ұпайы тең, тек доп айырмасымен есе жіберуде. Айта кетейік, бұл жастар арасындағы лига. Мәселен, футболшылар бозбала шағында әжептәуір ойнап, жастар, кейін ересектер арасында тосылып қалады. Екінші лига ересектер сапына өткізетін көпір іспетті. Жандос Юсубалиевтың ойынша, командада академиядағы сияқты жұмыстар қолға алынса, турнир кестесінде өрлеп, тіпті бірінші лигаға өтуге болады.

Футболшылардың айлығы қанша?
Қаладағы бапкерлердің бірнешеуі ойын концепциясы қалыптасып, жүйелі жаттығу жемісін беріп тұрғанда балалар-жасөспірімдер командасы ел чемпионаттарында жүлде алғандарын айтты. Демек, балалар –  облыс футболының болашағы. Оларды ауылдардан іздеп, шын мықтыларын қалада дайындау – бұрынғы «Востоктың» нәтижесін қайталап, соңында асып түсуге мүмкіндік береді. Ол үшін қомақты қаржы қажет. Клубтың 2023 жылғы бюджеті 537 млн 665 мың 115 теңге.
– Оның ішінде, «Алтай» орталығын ұстауға 248 млн 811 мың 200 теңге, негізгі команданы ұстауға 288 млн 853 мың 115 теңге жұмсалды. Футболшылардың орташа жалақысы – 159 мың 328 теңге, – делінген ШҚО Дене шынықтыру және спорт басқармасы ұсынған мәліметте.
Жандос Юсубалиев легионерлерге қатысты пікірін білдірді. Білікті бапкердің сөзінше, ойын жүргізіп, командаға серпіліс беретін бір-екі мықты ойыншыны алуға болады. Бірақ осымен шектелу керек. Себебі, мамандар команда құрамында 70-80% жергілікті футболшылар ойнаса ғана жоғары нәтиже болатынын жеткізді. «Алтай» құрамындағылардың көбі өскемендік жастар, бір-екеуі басқа аймақтың спортшылары. Спорт басқармасы дерегінше, футбол клубының 89%-ы жергілікті футбол орталығының тәрбиеленушілері. Осы ретте команданың былтырғы нәтижесін жаза кетейік:

  • Екінші лиганың жеңімпазы (2017 жыл);
  • Бірінші лигадағы ең жоғары жетістік – 4 орын (2018, 2019 жылдар);
  • Қазақстан кубогіндегі ең жоғары жетістік – ¼ финал (2019 жыл);
  • Екінші лигадағы ең жоғары жетістік – 4 орын (2019 жыл).

Шығыс Қазақстан футбол мектебінің мақтанышына айналған түлектер аз емес. Ұлттар лигасы аясында былтыр Беларусь құрамасына гол соққан Михаил Габышев, Польшаның «Коронасынан» бастап, «Астана», «Ордабасыны» алға жетелеген Сергей Хижниченко, өткен жылы шымкенттік «Ордабасымен» Қазақстан чемпионы атанған Темірлан Ерланов, Беларусь құрамасында ойнаған Денис Митрофанов, жуықта ғана қостанайлық «Тоболмен» келісімшартын ұзартқан Ислам Чесноков және тағы басқасы.

Ескірген инфрақұрылым
Осындай шебер ойыншылар бір командаға топталып, облыс намысын арқаласа алысқа барары сөзсіз. Қуанарлығы сол, спорт басқармасы тарапынан нақты жоспар құрылып жатқанын көрдік. Соған сүйенсек, «Алтай» футбол клубында 2021-2025 жылдар аралығында ел біріншілігінде жоғары міндеттерді шешу үшін ойыншыларды даярлау межесі тұр. Балалар футболынан кәсіби футболға ойысу жоспары бекітілген.
– 2021 жылғы даму жоспарына сәйкес легионерлерден бас тарту шешімі қабылданды. Тек ел чемпионатының бірінші лигасына қатысқан жағдайда қарастыруға болады. Себебі, әрі қарай Премьер лигаға шығу міндеті тұратындықтан, команда құрамын күшейту мәселесі өздігінен туындайды, – деді Асқар Можанов.
Осы тақырыпты қозғауымызға түрткі болған жайттардың бірі – семейлік «Елімай» ұжымы мен қалың жанкүйерге өшпес үміт сыйлаған Ұлттық құраманың қазіргі аяқ алысы. Самат Смақовтың жетекшілігімен «Елімай» бірінші лигада бірде-бір рет жеңілмей, көш бастады. Ал биылдан бастап семейлік команда Премьер-лигада бақ сынайды. Демек, чемпиондар лигасы мен Еуропа лигасында ойнап, мол тәжірибе жинақтаған «Астана», «Тобол», «Қайрат» сынды клубтарға едәуір қиындық келтірері сөзсіз.
Жуықта ғана естідік, Димаш Тілегенов есімді семейлік жасөспірім қазір еуропалық бапкерлердің жіті қадағалауында. «Елімайдың» тәрбиеленушісі. Былтыр Германияға барып, дайындықтан өтті. Өзінің айтуынша, қаңтар айының 27-сі мен 1 ақпан аралығында Алматыға «Ла Масия» академиясының (Барселона футболы клубы) бапкері Карлос Химено келіп, іріктеу өткізбек.
Жандос Юсубалиевтың сөзінше, болашағы зор жеткіншектер облыс аумағында өте көп. Жоғарыда жазғанымыздай, мұны тежеп тұрған ескірген инфрақұрылым. Оны спорт басқармасының басшылығы жасырып отырған жоқ. Олар да жасанды жабыны бар залдар мен манеждердің жоқтығын кемшілік санады.
Ал Ұлттық құрамаға келсек, Жандос Юсубалиев ел құрамасының гректерді жеңетініне сенім білдірді. Тілеулестігі бір ұжым қалыптастырған дағыстандық Магомед Адиевтің еңбегін атап өтті. «Доп домалақ, жер тегіс. Мүмкіндік қашан да бар» деп ойын қорытты.

Әділхан ЕСІМХАНОВ (Фотосуреттер автордікі)