Өңірдегі дәмханалардың бірінде антисанитарлық жағдай туралы жалған ақпарат берген әйел ірі көлемде айыппұл төледі, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Алтай қаласының тұрғыны 2022 жылдың шілде айынан 2023 жылдың қараша айына дейін қаладағы жеке кәсіпкерге тиесілі дәмханада аспаз болып жұмыс істеген. 2023 жылдың қарашасында ол жұмыс берушінің бұйрығымен жұмыстан босатылған, кейін ол ашуланған күйде өзінің әлеуметтік желідегі жеке парақшасына кафеде санитарлық талап сақталмағаны туралы әдейі видео хабарлама жариялаған. Алайда бұл ақпарат шындыққа жанаспайды.
Сот отырысында әйел өз кінәсін толықтай мойындап, әлеуметтік желідегі жазбаның жойылғанын айтты. Айыпталушы құзырлы органнан Әкімшілік айыппұл түріндегі жаза қолдануды сұрады.
Сот 2023 жылдың желтоқсан айынан бастап әйелдің ар-намыс пен абыройға нұқсан келтіретін жалған ақпарат таратып, ұятсыз сөздермен бейнежазба түсіргенін анықтады. 2024 жылдың қаңтарында дәмханаға тексеру жүргізіліп, нәтижесінде құқық бұзушының бейнетаспада көрсетілген уәждері расталмады және ешқандай заң бұзушылықтар анықталмаған. Осылайша, құқық бұзушы ҚР ӘҚБтК-нің 73-3-бабының 2-бөлігіне сәйкес (бұқаралық ақпарат құралдары арқылы шындыққа сәйкес келмейтін, басқа адамның ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіретін жалған мәліметтерді жария тарату) көзделген әкімшілік құқық бұзушылық жасаған.
Сот әйелге 180 АЕК көлемінде әкімшілік айыппұл салды. Жеңілдететін мән-жайлардың болуы және ауырлататын мән-жайлардың жоқтығын ескере отырып, сот үкімімен салынған айыппұл отыз пайызға азайтылып, 434 700 теңгені құрады.
Сот қаулысы заңды күшіне енді.
НҰРДАУЛЕТ ҚАЛИБЕКОВ