Қазір жағдай шынымен де күрделеніпті. Қалада қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау және тасымалдау бойынша мәселенің мұрты бұзылмай келе жатқанына үш айдан асқан. Сенесіздер ме, қазір Алтай қаласында мемлекеттік сатып алу конкурсына қатысуға ешкімнің ниеті болмай, тұрғындар күлімсі иістен тұншығып отыр. Тиісті ұйымдар да бұл іске араласуға ниетті емес, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
«Нәтиже шығарған ешкім жоқ»
Мәлім болғандай, осыдан бірнеше ай бұрын осы жұмысты жалғастырып келе жатқан «Европлюс Восток» ЖШС басшылығы Алтай қаласының әкіміне 2024 жылдың 31 наурызынан бастап жинап, шығару жұмыстарын тоқтататынын айтып, өз жұмысынан бас тартты.
- Қолданыстағы заңнамаға сәйкес жергілікті атқарушы органдар қатты тұрмыстық қалдықтарды (ТҚҚ) шығарудың орталықтандырылған жүйесін ұйымдастыру нарығына қатысушыларды анықтау үшін байқау (тендер) жариялады. Соған байланысты Алтай қаласы әкімінің аппараты төрт мәрте конкурс жариялап, оның анық-қанығы бұқаралық ақпарат құралдарына шыққан мәліметтерде көрсетілді. Бірақ әлеуетті жеткізушілер тарапынан өтінімдер түспегендіктен конкурс өтпеген болып саналды, - деп хабарлады қала әкімдігіндегілер.
Сөйтіп биыл сәуір айынан бастап Алтай қаласы бойынша қоқыс шығаратын мекеме қалмады.
- Түк өзгермеген. Қыс айларында қоқыс көлемі артпаса, кеміген жоқ. Жаз келді, әлі сол көріністен көз ашпай келеміз. Қала жұрты тегіс наразы болса да, құлақ асып, нәтиже шығарған ешкім жоқ. Біздің әкімге бәрібір. Шашылған жердің барлығын егеуқұйрық жайлаған. Осыдан барып ауру тараса, еш таң қалмаймыз, - деді Наталья Слонова.
Қоқыс шашылмас үшін жекеменшік ұйымдардың арнайы техникалары жұмылдырылды. Негізінде, конкурстық құжаттамада «егер өтінімдер болмаса, комиссия аталған лотты жаңа конкурс өткізілген уақытқа дейін (бір жылға дейінгі мерзімге) дәл сол мекемеге бекітіп қоюға құқылы» деп жазылған. Ал ол мекеме - «Лаврухин» жеке кәсіпкерлігі.
Дегенмен, қоқыс шығаруға жауапты жаңа мекеме Экология департаментінен тиісті рұқсат алуы керек. Қабылдау мерзімі шамамен 2,5-3 айға созылады. Қала қоқысқа бөгіп бара жатқанда «Қазцинк» ЖШС кәсіпорны қоқыс шығаратын көлік бөліп, жағдайдың реттелуіне үлес қосты. Қазіргі уақытта алпауыт кәсіпорынның көлігі тұрмыстық қатты қалдықтарды шама-шарқынша шығарып келеді.
«Қарапайым шарттар орындалса жақсы еді»
Мемлекеттік сатып алу порталында тағы бір қоқыс шығаратын көлік сатып алу бойынша конкурстар жүргізілуде. Өкініштісі сол, қалада контейнерлер де тапшы. Олардың көпшілігінің әбден тозығы жеткен. Десе де, әкімдіктегілер контейнерлер маңында қоқыс қалдықтарының көбейіп кетуіне қала тұрғындарының да кінәсі бар екенін айтты.
- Шынтуайтында, қоқыстың қалай болса солай төгілетінін жиі көреміз. Ол да жағдайды қиындатады. Мәселен, көлемі үлкен құрылыс қалдықтары кейде қала тұрғындарының ауласында шашылып жатады. Бұған көз жұма қарап тұра алмаймыз, - деді Азамат есімді тұрғын.
Қалалықтардың кейбірі сөз арасында кінәнің өздерінен бар екенін жасырмады. Қалдықтардың дұрыс өңделмеуі тағы бар. Бұл жерде пластик бөтелкелер, тетрапакеттер жүйесіз лақтырылып, картон қораптарын бүктемей, қаз-қалпы тастай салулары мәселені одан ары ушықтырған.
Қала әкімдігі өкілдері «осы қарапайым шарттар орындалса, әжептәуір тазалық сақталар еді» десті.
Асинат МУРТАЗАЛИЕВА