Көптің арасында «Колхозка» деп аталатын ішімдіктен бөлек, мол көлемде темекі өнімдері де тәркіленді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Өткен жылдың соңында Алтай ауданы бойынша мемлекеттік кіріс бөлімінің жұмысшылары салық тексерісін жүргізіп, бірқатар бұзушылықты анықтады. Темекі және алкоголь өнімдерін сататын кәсіпкерлер ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексі баптарының бірнеше тармағын бұзған.
– Салық тексерісі тұрғындар өтініші негізінде жасалды. Қаладағы дүкендердің бірінде құрамында спирті бар пластикалық ыдыстағы сұйықтықтар анықталды. Былайша айтсақ, бәрі айтып жүрген «колхозканы» сатқан. Оны көлемі бір, бір жарым және бес литрлік бөтелкелерге құйып қойыпты. Жалпы көлемі 360 литр спирт тәркіленді, – деді аудандық салықтық бақылау және өндіріп алу бөлімінің басшысы Вячеслав Чурманов.
Сот отырысында кәсіпкер кінәсін біртіндеп мойындады. Ішімдікті өз қажеттілігі бойынша сатқан. Сот бекіткен жаза сол, 181 мың 125 теңге айыппұл салынып, заттар тәркіленді. Одан бөлек, салық тексерісі кезінде кәсіпкерлер 150 блок темекісінен айырылды.