Облыс әкімі Даниал Ахметов Алтай қаласына барып қайтты. Жұмыс сапарының мақсаты – қалалық перзентхананың жаңа туған нәрестелер бөлімшесінің жөндеу жұмыстарымен танысу, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.
Іргетасы алпыс жылдан астам уақыт бұрын қаланған жаңа туған нәрестелер бөлімшесі алдағы мерзімде толық жөнделіп бітпек. Су құбырлары, жылыту жүйесі жұмыстары аяқталған. 13 мамырдан бастау алған жөндеу жобасында толығымен кәріз құбырлары ауыстырылып, перзентхананың қабырғалары, едені мен төбесіне дейін қайта жаңартылған. 490 миллион теңгеден астам қаржыға қажетті медициналық қондырғылар да сатып алынған.
Жалпы құрылыс нысанында 40-тан астам адам жұмыс істеуде. Тапсырыс беруші «Алтай ауданының Орталық аудандық ауруханасы». Негізгі құрылыстың аяқталу мерзімі осы жылдың қараша айында.
- Жөндеу жүргізіліп жатса да перзентхана мен дәрігерлер жұмысы тоқтаған жоқ. Барлық жерді толығымен дыбыс өткізбейтіндей қылып жасадық. Себебі жаңа туған нәрестелер мен аналарымыз бар. Оларға тыныштық қажет. Бұл қиындық туғызса да күте алмадық. Өйткені ғимарат өте қиын жағдайда болды, - дейді жоба жетекшісі Евгений Плотников.
Аталған нысанның құрылысшылары осыған дейін Малеевка ауылындағы тасқын судан зардап шеккен тұрғындардың үйлерін жөндеп берген. Бұл нысанды да уақытылы аяқтаймыз деп сендірді жауапты мамандар.
Аймақ басшысы шілденің онына дейін жөндеу жұмыстары толығымен біту қажеттігін ескертіп, өз назарына алатынын да айтып өтті.
Данияр ЗАЙНЕЛОВ