Желтоқсан айының соңында Алтай ауданының ПБ кезекші бөліміне 65 жастағы зейнеткер жүгінген, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Зейнеткер кешкі уақытта үйінің ауласынан белгісіз біреулер оның «ВАЗ» автокөлігін ұрлап кеткендігіне шағымданған.
- Осылайша 600 000 теңге залал келтірілген. Аталған іс бойынша дереу полиция бөлімінің жеке құрамы жұмылдырылды. Жедел-іздестіру шараларын жүргізу кезінде тәртіп сақшылары 30 және 28 жастағы екі күдікті жергілікті тұрғын ұсталды. Олардан жауап алу кезінде кінәларын мойындады, - делінген ШҚО ПД баспасөз қызметі ұсынған мәліметте.
Ұсталғандарға қатысты келу міндеттемесі түріндегі шара қолданылды.
Келесі күні «102» жедел арнасына Катонқарағай ауданының 30 жастағы тұрғынынан дәл осындай ақпарат түскен. Оның да үйінің ауласында тұрған «ВАЗ-2107» автокөлігін айдап әкетіпті. Жәбірленушінің айтуынша, ол сол күні танысына қонаққа барған. Әуелде көліктің багында 40 литр бензин болған. Дегенмен ертемен тұрып оталдырып қояйын десе көлігі жоқ.
- Жедел-іздестіру шаралары нәтижесінде, кеше ғана бұлтартпау шарасы таңдалған 30 жастағы ер адамның басқаруымен ұрланған көлік Өскемен-Алтай тас жолында полицейлердің қолына түскен. Екінші ұсталғаннан кейін қаскүнем қамауға алынды, - делінген мәліметте.
Аталған фактілер бойынша ҚР ҚК-нің 200-бабына (Автомобильді немесе өзге де көлік құралдарын ұрлау немесе заңсыз иелену) сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.