Жартылай финалда біздің волейболшылар Жапониядан келген «Хисамицу Сеяку Спрингс» командасына есе жіберді, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.
Тартысты сайыста қазақстандық волейболшылар 3:2 есебімен жеңіліп қалды. Ақтық сайысқа шығу үшін алтайлықтар барын салғанымен, соңы сетте жапондық қыздар 16:14 есебімен басым түсті.
– «Алтай» командасы, расында, өте мықты қарсылас. Бірақ, бірінші кезеңнен кейін біздің волейболшылар қарқынды үдете білді. Осы арқылы жеңіске жеттік. Ендігі кезекте, үшінші орын үшін Қазақстан мен Қытай арасында өте тартысты бәсеке болады. Қазақстандық команданың қорғанысы да шабуылы да мықты. Қытайлық волейболшыларда тәжірибе мол, – дейді жапониялық команданың жаттықтырушысы Сакаи Шинго.
Үшінші орын үшін «Алтай» қытайлық «Тяньцзинь Бохай Банк» командасына (бүгін сағат 14:30) қарсы ойнайды. Ал ақтық сайыста бірінші орынға жапондық «Хисамицу Сеяку Спрингс» мен тайландтық «Суприм Чонбури» командасы (бүгін сағат 17:00) таласады.