Алтай волейбол клубы қыздар арасындағы Азия Чемпионатының ширек финалында Вьетнам елінің «Вьетин банк» командасымен кездесіп 3:0 есебімен жеңіске жетті, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.
Кешегі өткен ойында Алтай волейболшылары «Вьетин банк» қыздарымен кездесті. Жалпы есеп: 3:0 (25:23, 25:18. 25:14) алтайлықтардың пайдасында.
– Ең бастысы жеңіске жеткенімізге қуаныштымыз. Бұл жеңіс бізге қанат бітіргендей. Сайыстағы әр қадам арманымызға бір табан жақындатуда, – дейді Алтай волейбол клубының капитаны Инна Матвеева.
Енді Алтай волейболшылары жартылай финалда Жапонияның намысын қорғап жүрген «Хисамицу Спрингс» командасымен жолықпақ. Ойын бүгін сағат 19.00-де әдеттегідей Спорт сарайында өтеді.
Талғатжан МҰХАМАДИЕВ