«Алтайдан ауған ел»

279
көрілім

«Алтайдан ауған ел» – басынан кешпеген нәубеті мен бейнеті аз қазақ деген халықтың тарихы мен трагедиясы. Оқиға өзегіне жер-жаһанның жиырмасыншы ғасырдағы ең ауыр һәм ұзақ көші арқау болған спектакль ғасырлар бойы күресіп, азаттыққа ұмтылған ұлтымыздың еркіндік жолындағы ауыр да азапты кезеңін суреттейді. Өткен ғасырдың отызыншы жылдары Қытайдың қол астындағы Шығыс Түркістан қазақтары сол елдің озбыр саясатына шыдамай, бас көтерді. Бұл қойылым жазушы, түркітанушы Халифа Алтайдың «Алтайдан ауған ел» және тарихшы, публицист Хасен Оралтайдың «Елім-айлап өткен өмір» деп аталатын тарихи деректер негізінде жазылған кітаптарының желісімен сахналанған (сахналық жүйе авторы Мирас Әбіл).
     Талантты композитор Олжас Жақыпбектың қиялынан туған музыка ырғағымен бір кісідей қимылдап, жеңіл де әсем қозғалған орындаушылар спектакль атмосферасына көрермендерді бірден  еліктіріп әкетеді. Олармен бірге Такламакан шөлінен өтіп, Гималай тауын асасың. Бұл спектальдің бас кейіпкері – Көш. Еркіндікке ұмтылған көш. Ол – Алтайдың арғы бетінен келген ел тағдыры. Қасіретті, азапқа толы ұлы көшке аттанғандағы Халифа Алтайдың жігіт шағы... Басқа түскен ахуалдың саяси астары мен мәнін түсінген үлкендердің ой мен күрсінісі... азап пен қасіреттің көрінісін қызық пен ойынға айналдырған балалар бейнесі...


Режиссер Фархат Молдағали мен сурет¬ші Қанат Мақсұтовтың сахна кеңіс¬тігін барынша ұтымды пайдалана алғандығын да атап өту маңыз¬ды деп санаймыз. Алғашқы сахнадан бастап-ақ спектакльдің постдрамалық негізі айқын байқалады. Мұнда басты кейіпкер жоқ, керісінше ауыр тағдыр арқалап, қатал заманның қайғылы қамытын арқалаған халықтың бүтін кескіні бар. Халық бейғам күлкі, тыныш ұйқыдан айырылған бұл көштің қасіреті мен қайғысын сахнадан көрген адам жүрегі қан жылайды. "Қилы-қилы заман болар, қарағай басын шортан шалар" деп спектакльдегі кейіпкерлердің бірі ақсақалдың айтқан сөзі осы болар.
Театрдағы перформанстың ерекшеліктерін жақсы игерген режиссер көрерменді өзіне елітудің, оның ойы мен санасын, сезімдерін баурап алудың барлық тәсілдерін оңтайымен қолданған.
Қиын-қыстау кездерді бастан кеше жүріп, тағдырдың сан қи¬лы ауыртпалығына мойымай, Алтайдан Анадолыға дейінгі азапты жол, қаралы көште қанқұйлы тағдыр кешіп, бозбала боп аттанып, Тәуелсіздік алған туған еліне ақсақал боп оралған ұлтымыздың ардақты азаматы Халифа Алтай мен Қалибек Хакім бас кейіпкердің біріне айналған бұл қойылым қиямет қайым күндерді, зұлмат жылдарды өткерсе де, қазақ халқының адамдықтан айнымай, тектілігін жоғалтпағанын, діні мен ділін, дәстүрі мен салт санасын берік ұстанғанын сөз етеді. Спектакльдің негізгі сю¬жеті де, кейіпкері де Көштің өзіне айна¬лып кеткен.
Қойылым осы қасіретті тарих туралы сыр шертеді. Онда бас¬ты орын осы көшті бастаған Қалибек Райымбекұлына берілді. Оның бейнесін белгілі әртіс, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қуандық Қыстықбаев сомдады. Ал Халифа Алтай бейнесінде дарынды артист Ержан Нұрымбет.


Суретші Қ.Мақсұтов безендірген сахна шешімі спектакльдің идеялық мазмұнымен біте қайнасып Қожақын мен Қарақожаның, Нұрпай батыр мен Ханымшаның сол заманның сұрқия пиғылын паш ететін сөздерінен басталған спектакль оқиғасы одан әрі қалың жұрттың елмен қоштасуына ұласады. Шығармадағы бір елден екінші елге бет түзеген ұзын көштің тым ұзақ сапары актерлердің тізбектей жалғасқан жүрісімен беріледі. Төрдегі қиғаш орналасқан биік тұғыр Қанат Мақсұтовтың қиялындағы көш жүріп өтетін Алтай, Гималай тауларының көркемдік сұлбасын байқатады. Сценографиялық бұл әдіс актерлік қимыл-қозғалыстармен байланысып кеткен. Жол бойында орын алып отыратын қуанышта да, қайғыда да көш адамдары осы тұғырды кеңінен пайдаланады. Барлығы біртұтас өр¬біп, қанды көштің қаралы күйін, қайғылы бояуын беруге қызмет еткен.
Шығармадан санасы санға бөлінсе де салтын жоғалтпаған халықтың жолда өлген адамдарды жерлеу рәсіміне де куә боламыз. Мұны орындаушылар әр жерде шашылып жатқан аяқ киімдердің үстіне топырақ тастау әрекетімен ұқтырады. Мұнда бүтін бір халықтың трагедиялық хал-күйі елуге жуық қатысушының әрекетіне негізделіпті. Жалпы Ф.Молдағали күрес сапарына шыққан топтың тағдырына тарихи маңыздылық берген. Дәл осы тақырыптың әлі күнге дейін шынайы беттері ашылмай, саяси-қоғамдық тұрғысынан да, тарихи-әдеби негізде де, әлеуметтік-рухани жағынан да өз бағасын ала алмай жатқандығын ескерсек, осындай ащы шындықты көркемдік нақтылықпен көрсеткен Қаллеки театры ұжымының жазықсыз, еріксіз ауған елдің қасіретін батылдықпен көрсетуі басқа театрларға да үлгі болары сөзсіз.

Нәтижесінде, жүрегі бар пенде¬нің жан әлемін тырнамай өтпейтін, сезімге алапат әсер етер, тіпті ішкі көңіл пернелерін бір сәтке де бейжай қалдырмай, ауыр күйге бөлейтін, сол көшке актерлермен бірге залдағы көрермендерін де ілестіріп алып кетер өнер деңгейінде тамаша атмосфера түзген. Суреткерлік шешім осының қиюын келістіріп, оңтайлы жолын тапқан. Сол арқылы негізгі оқиғаға бойлатады. 2024 жылғы Қазақстан Республикасының Абай атындағы әдебиет пен өнер саласындағы мемлекеттік сыйлығын беру жөніндегі комиссиясы аталған сыйлықты алу үшін алдын ала іріктеуден өткен және конкурстың келесі кезеңіне жіберілген шығармалар тізімін ұсынды. Өнер саласы бойынша авторлық ұжым (Молдағали Фархат, Әбіл Мирас, Жақыпбеков Олжас, Қыстықбай Қуандық, Нұрымбет Ержан) - «Алтайдан ауған ел» спектаклі қатысып жатыр екен. Өз тарапымыздан осындай кең көлемді күрделі өнер туындысын қандай бағаға болса да лайық деп танимыз.
Мерей Қайнарұлы, ҚР Журналистер одағының мүшесі