«Алтайдың» клубтық Әлем чемпионатындағы қарсыластары анықталды

483
көрілім
Фотосурет sportx.kz сайтынан

Волейболдан әйелдер клубы арасындағы Әлем чемпионатына бір айдан астам уақыт бар. Осы ретте жаһандық жарыста бақ сынайтын барлық клубтар белгілі болды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Азияның намысын арқалап, өскемендік «Алтай» ұжымы барады ол жаққа. Марко Гршич шәкірттері Тайландта өткен чемпионатта топ жарған соң өздеріне сенімділігін арттырып, бұл күндері дайындықтарын күшейткен. Газетіміздің өткен сандарының бірінде жауапты жарыста өнер көрсететін төрт команданы: «Алтай» (Өскемен), «Фенербахче», «Вакыфбанк» (екеуі де Түркия) және «Имоко Воллей» (Италия) жазған едік. Күні кеше Оңтүстік Америка құрлығынан суырылып шыққан қос ұжым белгілі болды. Сонымен бесінші болып бразилиялық «Прайа» клубы тіркелді. Оның ізін ала осы елдің тағы бір бетке ұстар командасы «Минас» топты толықтырды.

Бір айта кетерлігі, волейболсүйер қауым түркиялық қос ұжымды айрықша мықты деп бағалауда. Себебі 2017-18 жылдары әлемдік аламанда «Вакыфбанктің» асығы алшысынан түскен екен. Десе де барлығын ойын көрсетеді. Кім білсін, бұған дейін бестіктен көрінген «Алтай» бұл жолы нәтижесін жаңарта түсер...

Әділхан ЕСІМХАНОВ