Өскеменде волейболдан әйелдер арасындағы Азия чемпионаты бастау алды. Халықаралық додада бақ сынасатын 9 мемлекеттің бапкерлері баспасөз конференциясын өткізіп, командаларының дайындықтары мен сайыстағы негізгі мақсаттары жайлы сөз қозғады.
Газетіміздің өткен сандарында волейболдан әйелдер арасындағы Азия чемпионатының екінші мәрте Өскемен қаласында өткізілетіндігі жайлы жазған болатынбыз. Ресми хабарлама жасаған Азия волейбол Федерациясының президенті дүбірлі доданың Қазақстан жерінде ұйымдастырылғанына қуаныш білдірді.
– Қазақстанда осындай жоғары дәрежелі оқиғаны өткізу үшін бәрі дайын. Аталған іс шара волейбол спортының құрлықта да, дүниежүзінде де дамуына ықпал етеді деген сенімдемін. Жергілікті атқарушы органдар мен жанкүйерлер арасындағы белсенді де нәтижелі ынтымақтастық чемпионатқа сәттілік алып келеді, – деді Салех А. Бин Нассер.
Алпауыт аламанның ашылу салтанаты 12 шілде күні Б.Александров атындағы Спорт сарайында өтті. Ал сайысқа түспес бұрын дүбірлі додаға қатысуға келген 9 мемлекеттің бапкерлері мен команда капитандары «Shiny river» қонақүйінде баспасөз конференциясына қатысты.
– Волейболшыларымыз үлкен дайындық жүргізді, – дейді «Алтай» волейбол клубының бапкері Юрий Танченко, – Азия чемпионатында ел намысын қорғайтындықтан командамызға жүктелген жауапкершілікті сезбеске болмайды. Бірінші орынды алу үшін барымызды саламыз.
Шара барысында сөз алған тайландтық «Суприм» волейбол клубының бапкері Натафон Срисамутняк өткен жылғы жеңісті биыл қайталаудың ауырға соғатынын жеткізді. Оның айтуынша, «Суприм» спортшылары сайысқа абыроймен қатысып шығуды мақсат тұтып отыр.
– Біздің құрама әлі жас, – дейді Жапониядан келген «НЕК Ред Рокетс» командасының бас бапкері Такаюки Канеко, – Бірақ ойыншыларымыз үздік ойын өрнегін көрсетуге тырысатын болады. Құшақ жая қарсы алып, құрмет пен ілтипат көрсеткен барша қазақстандықтарға алғыс білдіреміз.
Айбын АМАНГЕЛДІҰЛЫ