Дүбірлі додаларда облыс намысын қорғап жүрген қыздар арасындағы «Altay» волейбол клубы Қытайда өтетін Азия чемпионатына дайындық үстінде, деп хабарлайды газет тілшісі волейбол клубының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Соңғы 4 жыл бойы Қазақтан чемпионы атағын ешкімге бермей келе жатқан «Altay» волейбол клубы осымен үшінші мәрте Азия чемпионатында бақ сынасып көрмек. 2017 және 2018 жылдары Өскемен қаласында өткен додада жерлестеріміз 2 жыл қатарынан 4-ші орынды иеленген. Биыл шығысқазақстандық волейболшылар жеңіс жалауын желбірету үшін аянып қалмақ емес. Клубтың бапкері спорт шебері, олимпиада чемпионы Юрий Панченко шәкірттерін Қытайда болатын чемпионатқа дайындап жатыр.
– «Altay» ойыншылары Тяньцзинь қаласында өтетін волейболдан Азия Кубогіне дайындық үстінде. Жарыс 27 сәуір күні басталмақ. Жақын уақытта Қытайда құны 30-200 юань аралығында болатын Yongle Ticketing-те билет сату жүйесі іске қосылады. Біздің валютамен есептегенде бұл шамамен 1 700-11 500 теңгені құрайды, – деп хабарлайды волейбол клубының баспасөз қызметі.
Айбын АМАНГЕЛДІҰЛЫ