Алтын шаюдың азабы

596
көрілім

Күршім ауданында алтын шаятын кәсіпорындар өзен суын ластап жатыр ма?

Газет редакциясына Күршім ауданына қарасты Бурабай ауылынан қоңырау шалған оқырманымыз аудан аумағына алтын қазушылар келгелі бері Күршім өзенінің төменгі ағысында орналасқан елді мекен тұрғындарының лай су ішіп отырғандарын айтады. "Алтын шайған қалдық суды ағын суға төгіп ауызсуды арамдады" деген тұрғын аталмыш мәселеге билік тарапынан жеткілікті дәрежеде көңіл аударылмай отырғанын тілге тиек етті. Дегенмен, жергілікті билік болса аудан аумағында аталған кәсіппен айналысатын кәсіпорындардың өзен суына алтын шаюы фактілерінің орын алмағанын алға тартып, судың ластануы жайлы ақпараттың жалғандығын айтады. Осы себепті газет редакциясы құзырлы мекемелерге хабарласып, мәселенің мән-жайын анықтап көруге тырысты.

- Күршім ауданында қазба байлықтарды игеруге лицензиялық келісім-шарт жасасып, жұмыс жүргізіп отырған 14 кәсіпорын бар, - дейді Күршім ауданы әкімінің орынбасары Қайрат Әзімбаев. - Аталған кәсіпорындардың өзен суына алтын шайғаны жайлы бүгінгі таңда ешқандай ақпарат жоқ. Күршім ауданының аумағындағы өзендердің ластануы туралы фактілер анықталған емес. Сондай-ақ, Күршім өзенінің төменгі ағысында орналасқан Бурабай ауылы тұрғындарының өзен суына байланысты көтерген мәселелеріне негіз жоқ. Оның үстіне, аталған ауылдың жанынан Күршім өзені ағып өткенімен, елді мекен тұрғындары ауызсуды арнайы құдықтан алып ішеді. Мұнымен қатар орталықтандырылған су құбырынан ауылға 2 колонка орнатылып, мектепке ауызсу желісі тартылған.

Газет редакциясына ресми хатпен жауап берген ШҚО бойынша Экология департаментінің өкілдері де 2012 жылдан бері департаментке Күршім өзенінің ластануына байланысты аудан тұрғындары мен мемлекеттік органдарынан өтініш-арыздардың түспегенін айтады.

- Қазіргі кезде Күршім ауданында "ГРК Визол" ЖШС алтынды құммен шаюмен айналысады, - дейді құзырлы мекеме өкілдері. - Аталмыш кәсіпорынға соңғы тексеру 2012 жылы жүргізілген. Кәсіпорын құмды өндіріп, шаюмен айналысады. Өңдеу жұмыстары полигондар арқылы жүргізіледі. Полигондар Күршім өзенінің бойымен жоғарыдан-төмен блоктар арқылы әзірленеді.

"Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін" түйсек, құзырлы мекемелер әзірге Күршім өзеніне және оны жағалай орналасқан елді мекендер тұрғындарына алтын шаюдан төнер қауіптың жоқ екенін алға тартады. Дегенмен Экология департаменті Күршім өзеніндегі су сынамаларын іріктеп, талдау жасағаннан кейін газет редакциясын қосымша хабардар етуге уәде етті. Ендеше әліптің артын күтейік!

Азамат ТЕМІРБЕКОВ