Алтын жүлдегер атанды

356
көрілім

Шығысқазақстандық спортшы Рената Жолдинова Малайзияның астанасы Куала-Лумпур қаласында өтіп жатқан көркем гимнастикадан Азия чемпионатына қатысып, үздік нәтиже көрсетті. Бұл жайлы облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметі хабарлап отыр.

Бұл додада «ШҚО ойын түрлері бойынша кешенді-мамандандырылған балалар-жасөспірімдер олимпиадалық резервті спорт мектебі» КММ тәрбиеленушісі тұғырдың ең биігіне жайғасты. Командалық біріншілікте өнер көрсеткен жас гимнастшы Сабина Бақатова, Роза Абитова және Айбота Ертайқызы сынды спортшылармен бірлесе өнер көрсетті. Нәтижесінде, Өзбекстан елінің және жапон қыздарының алдын орап, алтын жүлдеге қол жеткізді.

Айта кету керек, Инга Старыгинаның қоластында жаттығатын Рената, бұған дейін Азия чемпионатының күміс жүлдесін иеленіп, ел чемпионаттарында сан мәрте жеңімпаз атанған еді.

Бұл жарыста Азияның 18 елінен келген спортшылар жүлделі орындар үшін өзара «кім мықтыны» анықтауда. Командалық біріншіліктен бөлек, қатысушылар көпсайыс біріншілігінде және жекелей сындағы көпсайыс бойынша бәсекеге түсуде. Көркем гимнастикадан Азия чемпионаты әлі де жалғасуда.

Асқар ТҰМАРБЕК