Американдық жерлесіміз НАСА-ға қызметкер болған алғашқы қазақ

1354
көрілім

АҚШ. Вашингтон қаласының маңы. Шамалап қарасаңыз, біздің елден 9541 шақырым. Бұл жерде домбыра мен қобыздың үні үзілмейтін, дастарханынан ұлттық тағам кетпейтін, қазақтың исі аңқыған бір шаңырақ бар. Ол кім дейсіз ғой?

Американың қақ ортасында қазақтың қара шаңырағын көтеріп, түтінін түтетіп отырған шығыстың тумасы Дархан Нұрмағамбет екен. Бұл азамат туралы қазір отандық БАҚ өкілдері жарыса жазып, таныстыруда. Оның себебі де салмақты. Қандасымыз НАСА-ға жұмысқа тұрған алғашқы қазақстандық азамат.

Дархан Нұрмағамбет қазіргі Аягөз ауданының Бидайық ауылында дүниеге келген. 2002 жылы тағдырдың қалауымен Дархан мен оның жұбайы Аяулым мұхит асып кеткен еді. Қазір екі балалары бар.

— Отанымыздан алған жақсы білімнің арқасында Америкада жұмысқа орналасу еш қиындық тудырған жоқ, — дейді Дархан, — Мен ҚазМУ-дың физика факультетінде оқыдым, жұбайым — Семейлік университеттің түлегі. Екеуіміз бірге КИМЭП университетін бітірдік.

Америкаға қоныс аударғаннан кейін бастапқы кезде Дархан швейцариялық компанияның өкілі болады. Жұбайы Аяулым «Оракл» компаниясының директоры қызметін атқарады. Кейін ол АҚШ-тың аэронавтика мен ғарыш кеңістігін зерттеу ұлттық басқармасына жұмысқа орналасып, пилоттық жобаларды әзірлеумен айналысады.

Осы саладағы қызмет атқарған 12 жылдың ішінде Дархан Шаттлдың ғарышқа жіберілуін өз көзімен көрген, біздің Байқоңырға да келіп, «Союз» бен «Кейп Канаверал» пилоттық жобаларына қатысқан, небір үздік мамандармен танысып, ғарыш стансаларында болған көптеген түйткілді шешуге атсалысқан екен.

Содан бері 15 жыл өтті. Жұлдызды-жолақты байрақтың астында қызмет етсе де, бұл отбасы өз елін, туған жерін еш ұмытпаған. Осы жерде Қазақ-Америка қауымдастығын құрып, диаспораға жетекшілік етіп келеді. Жергілікті қазақтармен бірге ұлттық мерекелерді тойлап отыратын көрінеді. Тіпті қазақ тілін үйрететін кішігірім мектеп те ашты. Ал жұбайы Аяулым «Балауса» хорын құрған. Бұл музыкалық ұжым қазір ел арасында үлкен танымалдыққа ие, түрлі сахналарда өнер көрсетіп жүр.

Ғалым жерлесіміздің шаңырағында шетелде жүрген отандастарымыз жиі жиналып, қонақ болып тұрады. Ет асылып, домбыраның күмбірімен өрнектелген қазақи нақыштағы мұндай отырыстарда Дархан ағамыз еліне деген сағынышын бір басатыны сөзсіз. Қазағын мақтан тұтатын азамат жергілікті аукциондардан қазақ суретшілерінің шығармаларын үйіне жинақтауды әдетке айналдырыпты. Алдағы уақытта Қазақстан мен АҚШ арасында заман талабына сай технологияларды қолданып, тығыз байланыс орнатуды жоспарлап отыр екен.

Мадина ҚАЙНАРОВА

Мәліметтер «Хабар24» сайтынан алынды

 

Біздің анықтама

NASA (National Aeronautics and Space Administration) — Аэронавтика және ғарыш кеңістігін зерттеу жөніндегі ұлттық басқарма аэронавтика және ғарышқа ұшу саласында зерттеулер жасау үшін 1958 жылы құрылған АҚШ үкіметінің агенттігі. Штаб-пәтері Вашингтон қаласында орналасқан. Негізгі алаңы — Флорида шатының Кеннеди ғарыш орталығындағы Канаверал мүйісінде орналасқан.