Анасымен ренжіскен алматылық оқушы катонқарағайлық досына кетіп қалған

512
көрілім

Өскемен қалалық полиция басқармасына 24 қараша күні сағат 09.20-да Алматы қаласының 15 жастағы тұрғыны жеткізілген, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Тексеру барысында 15 жастағы жасөспірім анасымен ұрсысып, 22 қарашада досына кетуге шешім қабылдағаны анықталды. Ол досымен кезінде Катонқарағай ауданындағы бір ауылда тұрған.

Жасөспірім досымен телефон арқылы хабарласып, Шығыс Қазақстанға келетінін жеткізген.

Содан Алматыдағы ірі сауда орталықтарының бірінде 180 000 теңгеге бағалаған смартфонын сатып, қалалық автовокзалда бір таксистпен Өскеменге дейін 15 мың теңгеге жетіп алған.

- Ұлан ауданының Саратовка ауылына кіре берісте ШҚО ПД БПП қызмет инспекторлары таксиді тоқтатып, тексеру кезінде жолаушылардың бірі із-түзсіз жоғалған адам ретінде бағдар бойынша өтіп жатқанын анықтаған. Сосын ол Өскемен қалалық полиция басқармасы Ертіс полиция бөлімшесіне кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспекторы полиция капитаны Р. А. Мазбаевқа тапсырылды. Полиция бөліміне жеткізілген соң үйіне қайтару бойынша шаралар қабылданды, - делінген ШҚО Полиция департаментінің баспасөз қызметі таратқан мәліметте.

Қазіргі уақытта 15 жастағы жасөспірімнің ата-анасы басқа қалада тұратындықтан, ол Өскемен қаласының кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырылған. Алдағы уақытта растайтын құжаттарды ұсынғаннан соң заңды өкілдеріне тапсырылатын болады.