Анель Уатханова: «Ана тіліміздің қолданыс аясын барынша кеңейткім келеді»

302
көрілім

Тіл білу – бүгінгі заман талабы. Оның ішінде мемлекеттік тілді жетік меңгеру әр ел азаматының міндеті саналады. Тіл үйренудің түрлі тәсілі мен жолдары бар. Өскеменде де қазақ тілін меңгеремін деушілерге арналған мектептер мен орталықтар жұмыс істейді. Анель Уатханова 5 жыл бұрын «Obtain English» атты тіл орталығын ашқан. Абай атындағы гуманитарлық колледжде «Шет тілі мұғалімі» мамандығын бітірген жас маман қазіргі таңда С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде оқып жатыр. Осы ретте, тілді оқытудың озық тәжірибелері қолданылатын орталықтың негізін салушымен сұхбат құрған едік.

- Тіл үйренуге деген қызығушылығыңыз қалай басталды?

- Ағылшын тілін 1-сыныптан бастап оқыдым. 2010 жылы Назарбаев зияткерлік мектебіне түсіп, үш тілде еркін сөйлеуге бейімделдім. Тілдерге деген қызығушылығым одан әрі арта түсті. Арнайы курстарға жазылып, ағылшын тілінің барлық деңгейін меңгеріп шықтым.

- Алғашында волонтер ретінде сабақ беріп бастаған екенсіз.

- Иә, мен бірнеше арнайы бағдарлама бойынша көпбалалы, аз қамтылған отбасынан шыққан балаларға сабақ бердім. Өз біліміммен бөлісіп, мол тәжірибе жинадым. Соның бірі – TFH (Teaching for heroes) атты қайырымдылық жобасы. Халықаралық еріктілер жобасының іріктеуінен өтіп, 2019-2021 жылдары онлайн форматта 10 оқушыға тегін сабақ бердім. Балалардың арасында шетелден қосылғандар да болды. Аталған жобаның арқасында алғаш рет өз методикамды Zoom платформасы аркылы қолдана бастадым. Әр сабақты интерактивті әдіс-тәсілдердің көмегімен қызықты етіп өткізуге тырысатынмын. 

           

- Орталық ашу идеясы қалай келді?

- 12 жасымнан бері өзімнің тіл орталығым болса екен деп армандайтынмын. Тынымсыз әрекеттің арқасында 18 жасымда мектеп аштым. Мені тіл курстарында беретін білім сапасы үнемі ойландыратын. Себебі, өзім тіл үйреніп жүрген уақытта маған ыңғайлы орталықты ұзақ іздейтінмін. Мұғалімнің жиі ауысуы, сабақтардың стандартты формада өтуі, тек грамматиканы оқытуы, кітаппен ғана жұмыс істеуі – тіл үйренуге деген құлшынысты төмендетуі мүмкін. Осындай кемшін тұстарын өзім үшін түртіп жүретінмін. «Неге оқыту процесін қиындатпай, керісінше жеңіл әрі қызықты өткізбеске?» деп үнемі ойлайтынмын. Себебі, потенциалы бар адамдар өте көп, мұғалім тек дұрыс бағыт берсе болғаны. Сондықтан білім саласының жақсаруына өзімнің азғантай үлесімді қосу мақсатында оқу орталығын ашуға бел байладым. 2019 жылы онлайн түрде жұмыс істеп бастадық. Қазақстанның түкпір-түкпірі мен Қырғызстан, Ресей елдерінен де оқушылар жиналды. Сұраныс арта бастаған соң Өскеменде офлайн орталығымызды аштық. 5 жылдың көлемінде 500-ден аса шәкірт білім алды.

- Мектептеріңіздің басқа тіл орталықтарынан қаңдай ерекшелігі бар?

- Мұғалімдеріміз әр оқушының потенциалын, оқуға деген құлшынысын арттыруға баса назар аударады. Оқу процесі сапалы өту үшін әр оқушының белгілі бір тілді оқудағы мақсатын анықтаймыз. Соған қарай сабақ жоспарын құрамыз. Сабақ беру форматын ерекшелендіруге тырысамыз. Оқушыларымызға мотивация беруді, дұрыс орта қалыптастырып, бағыт көрсетуді басты міндетіміз деп санаймыз. Сондай-ақ мектептің тағы бір ерекшелігі – Speaking Club (сөйлеу клубы) аясында Native speaker (белгілі бір тілде еркін сөйлеуші) шақырып, түрлі іс-шаралар өткізу.

- Тіл үйренуде не маңызды?

- Тіл үйренуде бастысы – мақсат. Адам саналы түрде оқу керек. Тіл үйренушінің зейінін, потенциалын аша білетін мұғалім және дұрыс методиканың болуы да айрықша маңызды. Ағылшын тілімен тұрақты түрде айналысу керек. Қатып қалған қағидаға байланып, тек грамматикаға мән беру дұрыс емес. Сыни ойлау қабілетін де қолданып, көбірек ауызекі сөйлеу формасы арқылы жаттығу қажет. Тілді кез келген ниет білдіруші меңгеріп кете алады деуге болады. Ол үшін практикаға көбірек мән беру керек.

- Қазақ тілін үйренуге ниет білдірушілер көп пе?

- Біздің қазақ тілін онлайн және офлайн форматта оқытып келе жатқанымызға 1 жыл болды. Сұраныс көп болғандықтан, мемлекттік тілді үйрететін топ аштық. Қазірдің өзінде қазақ тілін білмей жатқан оқушылар, мемлекеттік қызметкерлер көп. Сондықтан ана тіліміздің деңгейін көтеріп, күнделікті қолданыс аясын барынша кеңейткіміз келеді.

- Үйренушілер шамамен қанша уақыттың ішінде қазақ тілін меңгереді?

- Базалық тұрғыдан қарайтын болсақ, қазақ тілінің де өзінің А1, А2, В1, В2, С1 деңгейлері бар. Әр деңгейдің белгілі бір оқыту уақыты бар. Мұлдем қазақ тілін білмейтін адам шамамен 5-6 айдың ішінде өз ойын жеткізе алатындай деңгейге жете алады. Қазақ тілін үйрену өте қиын деп айта алмаймын. Дегенмен, оны үйрету де жақсы дайындықты талап етеді.

- Мемлекеттік тілді үйренудің маңызы қаңдай деп ойлайсыз?

- «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» дейді ғой. Қанша тіл білсек те, қазақ тілін алдыңғы орынға қойып, оны үнемі дәріптеуіміз керек. Елімізде тұрып жатқан әрбір азаматтың қазақ тілінде сөйлей алуы маңызды деп ойлаймын.

- Сабақ беру барысында өзіңіз даярлаған методикаңызды қолданады екенсіз. Осы туралы айтып берсеңіз?
- Осы салада 5 жыл жұмыс істеп келе жатқан соң азды-көпті тәжірибе жиналды. Тіл үйретуде негізінен 5 дағдыға назар аударамыз: speaking – айтылым, writing – жазылым, reading – оқылым, listening – тыңдалым, grammar part – грамматика және vocabulary – сөздік қор. Сабақтың 80 пайызы практикадан тұрады. Күнделікті өмірде, тұрмыста қолданылатын сөздермен қатар көне, көнерген сөздердің тарихына шолу жасап, қазақ халқының тарихы мен салт-дәстүрлеріне де назар аударамыз. Қолдағы бар материалды қарастырып, қазақ тілін оқытуға барынша ыңғайластырылған әдістемені жақсарту үстіндеміз. Әр адамның жеке сұранысына сай жұмыс істейміз. Жоспарды соған қарай бейімдейміз. Егер оқушы стандартты форматта оқыса, 3 айда бір деңгейді толық меңгереді. Интенсивті, яғни жылдамдатылған форматты таңдаса, 3 айда бірден екі деңгейді үйреніп кете алады.

- Қазақ тілін меңгергісі келетіндерге қаңдай кеңес бересіз?

- Әрбір тіл үйренуші, ең алдымен, дұрыс мақсат қойып, қазақ тілі не үшін керек екенін түсінуі керек. Өзіңізге ыңғайлы форматта сабақ жоспарын құрып, ғаламтордағы түрлі тегін ресурстарды қолдануға болады. Күніне неше сағат бөлетінін, қай дағдыға көбірек мән беретінін нақтылау қажет. Қазақ тілді ортада көбірек жүріп, қазақша сөйлеуге дағдылану керек. Сабақ барысында үйренген жаңа сөздерді, фразеологизмдерді жиі қолданып, өз ойын әдеби сөздермен жеткізуге машықтану маңызды. Қазақ халқының тарихын, әдебиетін, салт-дәстүрін оқу да тілге деген қызығушылықты арттыра түседі. Субтитрі бар фильмдерді көріп, музыка тыңдауға кеңес беремін. Айтылымды жақсарту үшін 3 минутқа таймер қойып, өзіңізге ұнайтын бір тақырып бойынша өз ойыңызды айтыңыз. Үнемі қатемен жұмыс істей берсеңіз, бірте-бірте тілдік барьер де жойылады. Бастысы – ниет және әрекет.

- Алдағы жоспарларыңызбен бөлісе кетсеңіз?

- Қазір біз тіл орталығын одан әрі кеңейтуді мақсат етіп отырмыз. Түрік және испан тілдерін оқытатын курс ашуға ниеттіміз. Одан бөлек, осы айдан бастап IELTS халықаралық тестілеуіне дайындайтын арнайы топ құрып жатырмыз. Біз үнемі орталыққа келушілер үшін сапалы білім мен қолайлы жағдай жасауға тырысамыз.

- Сұхбатыңызға рахмет!

Қымбат МУХАМАДИЕВА