Аптап ыстық қандай ауруларды қоздырады

369
көрілім

Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығының маманы Далида Мұқашева аптап ыстықта қандай ауруға шалдығу мүмкін екенін, күн өтпес үшін қалай сақтану керектігін айтып берді, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі ҚазАқпарат сайтына сілтеме жасап.


«Егер ауа температурасы 38 градустан аз болса, ағза тері астындағы қан ағынын күшейте отырып, денені қызудан сақтайды. Бірақ ыстық күшейгенде, сыртқы температура ішкі температурадан жоғарылайды да, ағза «ресурстарды үнемдеуге» көшеді. Сөйтіп қан ағынын орталықтандыру механизмі іске қосылады. Бұл жүрек-қантамыр жүйесіне түсетін салмақты арттырады», - деді Далида Мұқашева.
Оның айтуынша, қатты ыстық кезінде дене құрғап немесе қызып кетуі мүмкін.
«Қатты ыстықта күн өту, шаршап-шалдығу, ыстық салдарынан тырысу сияқты белгілер пайда болады. Күн өтуден соққы алған жағдайда өмірлік маңызды органдар қайтымсыз зақымданып, кейде тіпті өлімге әкелуі мүмкін. Аптап ыстық барлық адамдарға, соның ішінде жас және дені сау адамдарға де әсер етуі мүмкін», - деді сарапшы.
Дегенмен, 65-тен асқан егде жастағылар, бүйрек, психикалық, диабет аурулары бар адамдар; аллергияға қарсы дәрі-дәрмек пен қан қысымын тұрақтандыратын дәрі ішетін, жүрек-өкпе және құрысуға қарсы препараттар қолданатын, ағзаның реакциясына және ыстыққа әсер етуі мүмкін антидепрессанттар ішетін адамдар; мүгедектігі бар адамдар; жүкті әйелдер мен бала емізетін аналар; сәбилер мен кішкентай балалар; артық салмағы бар адамдар; ашық жерде жұмыс істейтін және спортпен шұғылданатын адамдар; сондай-ақ салқын климаты бар елдерден келген адамдар ыстықтан жиірек зардап шегетін көрінеді.
Маман күн өтуден сақтанудың қарапайым ережелері бар екенін айтады.
«Шөл қыспаса да, мүмкіндігінше суды көп ішіңіз. Дені сау адам күніне 2-2,5 литр таза су тұтынады. Алайда, салқындатылған су қан тамырларын қысады, осылайша ас қорыту нашарлайды. Салдарынан ағза ас қорытудан бас тартады, өйткені ол сіздің денеңіздің температурасы мен су температурасын реттеуге тырысады. Бұл ағзаның құрғауына әкеліп соғады», - деп түсіндірді бас маман.
 Дәрігерлер әсіресе түс мезгілінде тікелей күн сәулесінен аулақ болуға кеңес береді. Ал егер көшеде жұмыс істейтін болсаңыз, онда үнемі үзіліс жасап, салқын бөлмеде 10-15 минут демалу қажет.
«Көшеде қалпақ киіп жүрген абзал. Дене мен бетке күннен қорғайтын крем жағып, тікелей күн әсерінен аулақ болыңыз. Мүмкіндігінше күн астындағы саяхаттардан бас тартып, кейінге қалдырыңыз. Күн сәулесі сағат 11-ден 16-ға дейін қатты әсер етеді. Осы аралықта күн астында ұзақ болмау ұсынылады. Мақта және зығыр сияқты табиғи талшықтардан тігілген ашық түсті киім киіңіз. Диетаға жеңіл және көкөніс тағамдарын қосып, оларды аз мөлшерде ішіңіз. Салқындатуды қажет ететін өнімдердің дұрыс сақталғанына көз жеткізіңіз», - дейді Далида Мұқашева.
Сонымен қатар, ыстық түскен шақта қимылды азайтып, жаттығулар мен ауыр еңбекті таң мен кешке қалдыру қажет.
 Дәрігер қандай жағдай болса да, баланы көлік салонында қалдыруға болмайтынын ескертеді.
«Майлы және ащы тамақ ішпеу керек. Тәтті газды су мен шырындар шөлді жеңуге көмектеспейді. Керісінше күшейтуі мүмкін. Сондықтан, қатты ыстықта қалыпты минералданған, газсыз су ішкен жөн. Баланың денесі ересек адам денесіне қарағанда үш-бес есе жылдам қызатынын ұмытпаңыз. Ешқандай жағдайда баланы автокөлік салонында қалдыруға болмайды. Машинадағы температура бар болғаны 10 минут ішінде 20 градусқа, ал бір сағат аралығында 40 градусқа дейін қызады. Тіпті терезелерді ашық қалдырсаңыз да, бұл жағдайды жеңілдете алмайды»- деп түйіндеді ол.
Синоптиктердің мәліметінше, Қазақстанда ыстық ауа райы апта соңына дейін сақталады. Республиканың оңтүстік облыстарында термометр 35-40 градусты көрсетсе, кей жерлерде 45°С, ал солтүстік өңірлерде 30 градустан жоғары болады.