Өңірде еріктілер қарттар мен мүгедектерге азық-түлік, дәрі-дәрмек жеткізіп, дүниені дүр сілкіндірген коронавируспен аянбай күресіп жатқан дәрігерлерге, блокпосттарда тұрған полицейлер мен әскерилерге қолдау көрсетуде. Түрлі акциялар ұйымдастырған жігерлі жастар мұқтаж жандарға да қолұшын созуда. Бұл жайлы Buqara.kz сайтының тілшісіне сұхбат берген ШҚО Жастар ресурстық орталығының директоры Арайлым Есімбекова айтып берді.
- Жұқпалы дерттің жайылуына тосқауыл қою мақсатында елімізде төтенше жағдай жарияланды. Өскемен мен Семей қалаларында қосымша шектеулер енгізіліп, жұрттың себепсіз көшеге шығуына тыйым салынды. Осындай қысылтаяң кезде өңір волонтерлері қалай әрекет етуде?
- Әлемді әбігерге салған коронавирустың таралу қаупін бәсеңдету үшін Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдаған шешімдері әсте дұрыс. Шығыс Қазақстанның негізгі екі қаласы – Өскемен мен Семейде 2 сәуірден бастап тұрғындар үйден тек рұқсат қағазымен шығуда. Онда да дүкенге, дәріханаға, банкке ғана бара алады. Мұндай шектеулерге түсіністікпен қарағанымыз абзал. Төтенше жағдай кезінде волонтерлер талай игі шараларға білек сыбана қатысып жатыр. Атап айтқанда, қарттар мен мүгедектерге ең қажет заттарды үйге дейін жеткізіп беруде. Оларға телефон арқылы тапсырыс берсе болғаны. Байланыс орталығының мамандары өтініштерді 07.00-ден бастап 19.00-ге дейін қабылдайды. Аталған екі шаһарға кіру-шығу жолдары жабылып, блокпосттар қойылған. Күн демей, түн демей еңбек етіп жүрген құқық қорғау органдары мен медицина саласының мамандарына, әскери қызметкерлердің мойнына үлкен жауапкершілік жүктелгені айтпаса да түсінікті. Оларға қолдау көрсету мақсатында шығысқазақстандық жастар «Жылу сыйла» акциясын ұйымдастырды. Сөйтіп, 15 волонтер блокпосттардағы қызметкерлерге ыстық шай мен бауырсақ таратты. Сонымен қатар еріктілеріміз тәртіп сақшыларымен бірге тұрғындарға төтенше жағдай кезіндегі шектеулер туралы түсіндіру жұмыстарын да жүргізген. Шара барысында жүргізушілерге коронавирус инфекциясынан сақтанудың жолдары көрсетілген жадынамалар таратылды. Түсіндіру жұмыстары демекші, өскемендік волонтерлер қауіпті дерттің алдын алу шаралары туралы әзірленген облыстық «Дидар» және «Рудный Алтай» газеттерінің арнайы шығарылымдарын ірі сауда орындарындағы, дүкендер мен базарлардағы халыққа ұсынды. Кейіннен бұл акцияны облысымыздың басқа қалалар мен аудандарындағы волонтерлік штабтар да қолдады.
- Еріктілер тарапынан медицина қызметкерлеріне қандай да бір қолдау көрсетілді ме?
- Коронавирус кеселімен дамыл көрмей күресіп жатқан дәрігерлер қандай құрметке де лайық. Таяуда волонтерлер «Эмиль» зауытымен бірлесіп Өскемендегі №4 қалалық аурухананың ақ халаттыларына иммунитет көтеретін сүт өнімдері мен жеміс-жидектер апарды. «Майдан шебінде» жүрген медицина қызметкерлеріне елдің атынан ризашылықтарын білдіріп, хат та жазды.
- Жалпы облыс бойынша осындай шараларға қанша волонтер тартылған?
- Қазіргі уақытта өңірімізде 1000-ға жуық ерікті түрлі шараларға атсалысуда. Оның ішінде Өскеменде 110, Семейде 70 адам азық-түлік тасымалымен айналысуда. Олар медициналық маскалармен, колғаптармен, қорғаныс костюмдерімен және антисептиктермен толықтай қамтамасыз етілген. Еріктілер қатарына қосылғысы келгендер облыстық Жастар ресурстық орталығына хабарласып жатады. Волонтерлік қызмет адамның жасына, жұмыс орнына қарамайды. Ең бастысы, ізгі жүрек пен біреуге титтей де болсын пайдамды тигізсем деген ақ ниет керек.
- Алда қандай жоспарларыңыз бар?
- Осымен тоқтап қалмай басқа да ізгі мақсаттағы шаралар қолға алынады. Оның бірі – «Қайырымды көршілер» акциясы болмақ. Шынын айтқанда, еріктілер мұқтаж жандардың барлығын анықтай алмайды. Сол үшін халыққа «Өз көшеңіздегі қазыналы қарттарға, мүгедектерге сіздің көмегіңіз қажет. Егер дүкенге бара жатсаңыз, олардың керек заттарын ала келсеңіз нұр үстіне нұр болады» деп әлеуметтік желілер арқылы бейнероликтер таратып, сауапты іске шақырудамыз. Осындай сын сағатта волонтерлер жұдырықтай жұмылып жұмыс істеуде. Тіпті олардың арасында аз қамтылған отбасыларға қаржылай қолдау көрсетіп жатқандар бар.
- Облыс жастарына қандай баға берер едіңіз?
- Біздің жастар өте сауатты, белсенді. Шешім қабылдамас бұрын жеті рет өлшеп, бір рет кеседі. Студенттердің өздері жеке кәсіппен айналысып жүреді. Бір орнында тоқтамай, алға ұмтылатын осындай жастарды көргенде жан сарайым жадырап, кеудемді қуаныш кернейді. Себебі еліміздің әлемдік аренада нық орнығуы осы өскелең ұрпаққа тікелей байланысты ғой. Мағжан Жұмабаев айтқандай «арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты» жастарға мен де сенемін!
- Сұхбатыңызға көп рақмет!
Әділхан ЕСІМХАНОВ