Армения, Қырғызстан елінің нөмірі бар көліктерді онлайн әрі тегін түрде тіркеу жүйесі іске қосылады

402
көрілім

Ішкі істер министрлігі нөмірі бөтен елге тиесілі көліктерді онлайн түрде тіркеу жүйесін жолға қойғалы отыр, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

- Күн сайын ішкі істер органдары шетелдік тіркеуде тұрған көлік құралдары иелеріне қатысты жүздеген жол-көлік оқиғасын тіркейді. Мұндай жол апаттарының арты өлімге де апарып жатады. 2018 жылы ғана шетелдік тіркеудегі көліктерге қатысты 42 мың жол-көлік оқиғасы тіркелсе, осы жылдың басынан бері 50 мың факті орын алды, - делінген хабарламада.

Министрліктің хабарлауынша, кеше ғана Ақтөбе облысында осыған ұқсас жағдай болған. Нақтырақ айтқанда, Армения мемлекеттің нөмірлі минивэн жүргізушісі көлік тізгініне ие бола алмай, жол шетіне аунап кеткен. Апат салдарынан бір адам көз жұмып, жеті адам әртүрлі жарақат алған. Жүргізушінің өзін жедел жәрдем қызметкерлері ауруханаға жеткізген.

ІІМ-нің ақпараттық базасында ол көліктер туралы мәлімет жоқ болғандықтан, өкінішке қарай жол апатының айыпкерін жедел жауапкершілікке тарту мүмкін болмай жатады. Осыған байланысты, біздің елде пайдалану мерзімі ұзартылған жағдайда ЕАЭО-ға мүше мемлекеттерде тіркелген көліктерді міндетті уақытша тіркеу мәселесі жолға қойылмақ.

- Бұл жерде аталған көлік құралдарын біржолата пайдалануға тыйым салу немесе қандай да бір шектеу қою, салық төлету туралы айтылып тұрған жоқ. Мәселе уақытша тіркеуге байланысты. Автокөлік иелері көліктерін онлайн түрде тегін тіркете алады, - делінген хабарламада.

Осылайша, шетелдік көліктерді тіркеу арқылы жол-көлік оқиғасы болған жағдайда автоматты жүйе арқылы тануға болады. Одан ары ереже немесе заң бұзушыны әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тартуға жол ашылады.