2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап пошта арқылы жөнелтілетін жеке тұлғалардың барлық сәлемдеме мен хаттары ашық күйінде қабылданады.
– Жеке тұлғалар жіберетін барлық тіркелетін пошта жөнелтілімі «Пошта туралы» ҚР Заңының 39-бабы 2-тармағына сәйкес ашық күйінде қабылданады (тіркелмейтін хаттарды қоспағанда). Заңды тұлғалардың хат-хабарлары бұрынғыша ашық және жабық күйінде қабылданады, – делінген «Қазпошта» АҚ баспасөз мәліметінде.
Белгілі болғандай, бұдан былай барлық тапсырыс хат, бандероль және құндылығы жарияланған хат, сондай-ақ сәлемдемені пошта байланысы бөлімшесіне ашық күйінде әкеледі. Бұл ретте, пошта операторы пошта жөнелтілімдерін қабылдағанда, жөнелтушіні сәйкестендіруі және оның деректерін тіркеуі керек. Сонымен қатар жөнелтуге тыйым салынған заттардың мазмұны үшін сәлемдемелерді тексерудің мүмкін болмауына байланысты бұл қызмет пошта бөлімшелерінде жүргізілмек.
Айбын АМАНГЕЛДІҰЛЫ