Алтайдың сарышұнақ аязына қарамастан алматылық өнер ұжымы ШҚО драма театрында тамаша қойылым ұсынып, көрермендерге ұмытылмас әсер сыйлады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Көрермен көз айымына айналған белгілі сахна саңлақтары Дулыға Ақмолда, Салтанат Бақаева, Жандарбек Садырбаев, Жанаргүл Жаныманова сияқты белгілі өнер майталмандары халыққа «Арена» атты спектакльін паш етті.
Қойылымның құрметті қонағы ретінде белгілі ақын, «Түріксой» түркі мемлекеттері Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет, ақын, драматург, драма авторы Бақыт Беделхан мен театр демеушісі Дулат Тастекей сияқты зиялы қауым өкілдері қатысты. Дүйсенбінің кешіндегі екі сеансқа да келген меймандар қарасы мол. Ұлықбек Есдәулет өнерпаздарға өзінің жүрек жарды жылы лебізін білдіріп, батасын берді. Сөз жеткізе алмас шындықты сахна арқылы тамашалап қайтқан көрермен керемет әсер алып қайтқаны сөзсіз. Айтуларынша, көгілдір экран ары жағынан тамашалап жүрген актерлер театр төрінде барын салды.
Кешқұрым сахна сыртында баспасөз мәслихаты болып, Бақыт Беделхан тілшілер сұрағына да жауап берді.
Осы ретте Рүстем Есдәулет досының рухына сәлем бере келген ол көптен бері айтылып жүрген ұсынысты қайта көтерді.
– Театрға Рүстемнің атын берер уақыт келді. Ол оған лайық, оны өнерсүйер жұрттың барлығы дерлік қолдайды. Өмірі – өнеге, тағдыры – тағылым, ғұмыры – ғибрат азамат, – деді Бақыт Беделхан.
Нұрдәулет ҚАЛИБЕКОВ