Бүгін елордадағы Қазақстанның орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында Мемлекеттік тілді дамыту қорының директоры Азат Шауеев «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында әзірленген екі цифрлық жоба – смартфондар мен планшеттерге арналған латын әріптері бар қазақша пернетақта «Qazaq Latyn Keyboard» пен «RResmihat.kz онлайн порталын жұртшылыққа таныстырды, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі Baq.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.
- Біз мемлекеттік тілді дамыту қоры болғандықтан, біз әлеуметтік желілер арқылы түрлі сауалнамалар жүргізіп, соның нәтижесінде жастар арасында, ел арасында сұранысқа ие жобаларды жүзеге асыруға тырысамыз. Сол сияқты, «Qazaq Latyn Keyboard» пернетақтасын барынша азаматтарға қолайлы етіп дайындауға тырыстық. Сонымен қатар, біз пайдаланушылардан келіп түскен әрбір ұсыныстар мен ескертулерді назарға алып, оларға сәйкес тиісті өзгертулер енгізудеміз, - деді Шауеев.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Qazaq Latyn Keyboard» әлемдік QWERTY пернетақтасына сәйкес әзірленген.
- Пернетақтаны әзірлеуге 1 млн теңге шамасында қаражат жұмсалды. Бұл мемлекет қаражаты емес, бұл демеушілер тарапынан бөлінген ақша, - деді қор директоры.
Брифинг барысында мәлім болғандай, Resmihat.kz ақпараттық-анықтамалық порталының мақсаты – мемлекеттік басқару, әкімшілік-аумақтық басқару жүйелері мен қоғамның түрлі салаларындағы мамандарды іс-қағаздарын қазақ тілде әзірлеуге үйрету және дағдыландыру болып табылады.
Ресми хат алмасу тілі мен ерекшеліктеріне, ұйымдастыру-өкімдік құжаттаманы толтыру, ақпараттық-анықтамалық құжаттарды жүргізу ережелеріне баса назар аударылған порталды әзірлеуге демеушілер тарапынан 6 млн 200 мың теңге қаражат жұмсалған.