Естеріңізге сала кетсек, өскемендік Ғалымжан Тоқтар 26 мамыр күні Астана қаласына жаяу жолға шыққан болатын. Дәл қазіргі уақытта ол Бесқарағай ауданының аумағында келе жатыр, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.
Кеше Семей қаласына табан тіреген Ғалымжан Тоқтарды қала тұрғындары құшақ жая қарсы алды. Жанкүйерлерінің бірі оған ЭКСПО-2017 көрмесінің жазбасы бар туды және жейдені сыйға тартты. Семейдің шетіне шатыр тігіп қонып шыққан Ғалымжан таң ата қайтадан жолға аттанды.
– Бүгін біз күтпеген біраз жайттар орын алды, – дейді Ғалымжан Тоқтардың жұбайы Еркегүл Мұқиятқызы, – Жүрек жалғар уақыт келгенде ас пісірейін десек, құйын соғып кедергі келтірді. Содан біраз уақыт өткен соң Ғалымжанның артынан камераға түсіріп келе жатқан көлігіміздің дөңгелегі жарылып кетті. Оған әбігерге салынып, әйтеуір жөндегеннен кейін, қайта сапарға шығайын деп жатсақ жаңбыр жауа жөнелді. Ғалымжан қандай жағдай болмасын бастаған ісін аяғына дейін жеткізуге дайын.
Қазіргі уақытта Ғалымжан Тоқтар Бесқарағай ауданының аумағында жүгіріп келе жатыр. Жоспар бойынша бүгін ол Бесқарағай ауданының біраз бөлігін артқа тастамақ.
Талғатжан МҰХАМАДИЕВ