Ата-анаға айыппұл

538
көрілім

Баласының тәрбиесіне немқұрайлы қарайтын кейбір ата-аналар сол үшін өздерінің айыппұл арқалап, тіпті әкімшілік қамаққа алынуы мүмкін екендігін сезбейтін де сияқты. Оқушы сабақты себепсіз босатса да бірінші кезекте оның ата-анасынан жауап алынады.

Соңғы уақытта WhatsApp мессенджері арқылы баласы сабақтан қалған ата-аналарға айыппұл салынатындығы жайлы ақпарат тарап кеткен болатын. Кейбіреулер мұны дариядай шайқалған дақпырт сөз деп қабылдады. Алайда ҚР Білім және ғылым министрлігінің хабарлауынша, бала тәрбиелеу міндеттерін талапқа сай орындамаған ата-аналарға Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекс бабы бойынша жаза қарастырылған. Егер оқушы сабақты себепсіз босататын болса, онда бұл әке-шешенің жауапсыздығы болып есептеледі екен.

– Бала тәрбиесіне құлықсыздық танытқан ата-аналарға 7 АЕК (17 675 теңге) мөлшерінде айыппұл салынады. Ал егер бір жылдың ішінде екінші рет қайталанса, 15 күнге әкімшілік қамаққа алынып немесе 20 АЕК (50 500 теңге) мөлшерінде айыппұл жазасына тартылады.

Оқушының мектепке келу-келмеуін сол білім ордасының қызметкерлері қадағалайды. Егер бала сабақты жиі босататын болса, онда мектеп әкімшілігі білім бөліміне кешіктірмей хабар беруі қажет.

Талғатжан МҰХАМАДИЕВ