Глубокое ауданындағы төрт ауылдық округ кеңестік кезеңнің шектен тыс саясиландырылған атауларынан арылатын болды. Бұл жөнінде өңірлік бұқаралық ақпарат құралдарының алдында ауданның 2017 жылғы әлеуметтік-экономикалық қорытындысы жайында ақпарат берген Глубокое ауданының әкімі Қалиқан Байғонұсов мәлімдеді.
- Аудандық мәслихаттың кеше ғана өткен кезекті отырысында төрт ауылдық округ атауын кеңестік саясиландырылған атаулардан арылту жөніндегі шешім қабылданды, - деді аудан әкімі брифинг барысында. - Атап айтсақ, Киров ауылдық округі Ертіс, Куйбышев ауылдық округі — Быструха, Калинин ауылдық округі — Березовка, ал Фрунзе ауылдық округі — Тарханка ауылдық округі деп өзгертілмек. Дегенмен, жұмыс мұнымен тоқтап қалмайды. Елбасының тапсырмасына орай, қазіргі заманға сай атауларды алдағы уақытта елді мекендер мен көшелерге беретін боламыз.
Әзірге тұрғындарды осылайша жаңа атауға бой үйретіп алған соң, кейіндеп оларға қайта оралып өзге атауларды беруге болатынын айтқан аудан басшысы, алдағы уақытта ұлтымызға тән атаулардың да берілетінін атап өтті.
- Бұл үрдіске көпшілік түсіністікпен қарап, "бір жағадан бас, бір жеңнен қол"шығара білсе ғана жетістіктерге жетеріміз анық, - деп қосты Қалиқан Байғозыұлы.
Азамат ТЕМІРБЕКОВ