Атлантадан Парижге дейін: Қазақ спортшылары Олимпиадада қандай белестерді бағындырды

264
көрілім
фотосурет ашық дереккөзден

 Франция астанасы Париж қаласында өтетін ХХХІІІ жазғы Олимпиада ойындарының басталуына екі аптадай ғана уақыт қалды. Қазіргі таңда төртжылдық додаға жолдама жеңіп алған қазақстандық спортшыларымыз соңғы оқу-жаттығу жиындарын өткізіп жатыр деп хабарлайды Buqara.kz сайтынң тілшісі.

Осы орайда, Қазақстан спортшылары ел тәуелсіздігін алғаннан бері Жазғы ойындардан қанша медаль жеңіп алғанын еске сала кетсек.

Атланта Олимпиадасы – 1996 жыл

Қазақстан құрамасы 1992 жылғы Жазғы Олимпиада ойындарында тәуелсіздігін жариялағанымен, спортшыларымыз Біріккен команда құрамына енді. Ал келесі Олимпиада ойындарында, яғни, 1996 жылы Американың Атланта қаласында өткен Жазғы Олимпиада ойындарында қазақстандық спортшылар жеке ел ретінде бақ сынап, 11 медальді жеңіп алды. 3 отандасымыз чемпион атанып, жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді. Атап айтсақ, боксшы Василий Жиров 81 келіге дейінгі салмақта ел намысын қорғап, қарсылас шақ келтірмей, бас жүлдені қанжығасына байлады. Сонымен қатар, Олимпиада нәтижесі бойынша ең үздік боксшыға берілетін Вэл Баркер кубогына да қол жеткізді. Келесі алтынды грек-рим күресінен 57 келі салмақта сынға түскен Юрий Мельниченко жеңіп алды. Ал үшінші алтынды жеңіл атлет Александр Парыгин бессайыстан ел қоржынына салды. Аталған Олимпиада ойындарында боксшы Болат Жұмаділов (51 келіге дейін салмақта), нысана көздеуден Сергей Беляев, ауыр атлетикадан Анатолий Храпатый күміс жүлдеге қол жеткізсе, қола медальға былғары қолғап шеберлері Болат Ниязымбетов (63,5 келіге дейін), Ермахан Ыбрайымов, нысана көздеуден Владимир Вохмянин мен еркін күрестен Мәулен Мамыров ие болды.

Сидней Олимпиадасы - 2000 жыл

Сиднейден де (Австралия) жерлестеріміз 3 алтын, 4 күміс медальмен оралды. Бұл бәсі биік додада бокстан 57 келіге дейінгі салмақта Бекзат Саттархановтың жұлдызы жанып, қазақ боксшыларынан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы атанды. Артынша 71 келіде сынға түскен тағы бір боксшымыз Ермахан Ыбрайымов та қарсыластарының барлығын қоғадай жапырып, чемпиондық атақты жеңіп алды. Үшінші алтын жүлдені жеңіл атлетикадан желаяқ спортшымыз Ольга Шишигина алды. Ол кедергілермен 100 м қашықтыққа жүгіру бойынша алдына жан салмады. Сонымен қатар боксшылар Болат Жұмаділов (51 келіге дейін), Мұхтархан Ділдәбеков (+91 келі) және еркін күрестен Ислам Байрамуков пен велошабандоз Александр Винокуров күміс жүлдемен оралды.

Афины Олимпиадасы – 2004

2004 жылғы Афины Олимпиадасында 119 қазақстандық 17 спорт түрінен өнер көрсетті. Алайда бұл төртжылдық додада Қазақстан құрамасына тек жалғыз алтын бұйырды. Оны бокстан 69 келі салмақта ел намысын қорғаған Бахтияр Артаев жеңіп алды. Артаев сондай-ақ Олимпиада чемпионы атағымен қоса, Вэл Баркер кубогын да қанжығасына байлады. Осылайша ол Вэл Баркер кубогын иеленген екінші қазақстандық боксшы атанды. Афины Олимпиадасында Артаевтан бөлек, төрт спортшы күміс жүлдеге қол жеткізді. Оларды боксшы Геннадий Головкин, ауыр атлет Сергей Филимонов, балуандар Георгий Цурцумиа және Геннадий Лалиев иеленді. Ал жеңіл атлет Дмитрий Карпов, боксшы Серік Елеуов және грек-рим күресінен Мхитяр Манукян қола алды. Нәтижесінде Қазақстан қоржынына сегіз медаль салынды.

Бейжің Олимпиадасы - 2008 жыл

Бейжіңде 2 отандасымыз жеңімпаз атанды. Оның бірі 69 келі салмақта жұдырықтасқан боксшымыз Бақыт Сәрсекбаев болса, екіншісі ауыр атлетикадан 94 келі салмақта сынға түскен спортшымыз Илья Ильин болатын. Алайда, кейін Ильиннің жеңісін Халықаралық олимпиада комитеті допинг қолданды деп қайтарып алды. Бейжіңде күміс медальды дзюдошы Асхат Жіткеев (100 келіге дейін), жеңіл атлет Ольга Рыпакова және грек-рим күресінің балуаны Нұрбақыт Теңізбаев (60 келіге дейін) жеңіп алды. Бастапқыда екеуі де қола жүлдегер болған, кейіннен қарсыластарының допинг қолданғандары белгілі болып, олар күміс жүлдеге лайықты деп танылды. Грек-рим күресінің балуаны Елена Шалыгина, еркін күрестен Марид Муталимов, боксшы Еркебұлан Шыналиев және таэквондошы Арман Шылманов қола жүлдені еншіледі.

Лондон Олимпиадасы - 2012 жыл

Лондон олимпиадасы тәуелсіз Қазақстан тарихына алтын әріптермен жазылған еді. Онда қазақстандық спортшылар 7 алтынды қоржынға салды. Алайда, Халықаралық олимпиада комитеті тағы да допинг дауымен 4 спортшымызды медалінен айырды. Олардың ішінде өз атақтарын үш атлетіміз сақтап қалды. Олар: велошабандоз Александр Винокуров, үш қарғып секіру сайысынан Ольга Рыпакова және даңқты боксшымыз Серік Сәпиев. Осы орайда айта кетейік, Серік чемпиондық атақпен бірге Вэл Баркер кубогына ие болған қазақ жерінен шыққан үшінші спортшы атанды. Ал, ауыр атлетикадан Зульфия Чиншанло (53 келі), Майя Манеза (63 келі), Светлана Подобедова ( 75 келі) және Бейжіңде де чемпион атанған даңқты ауыр атлетіміз Илья Ильиннің (94 келі) чемпиондық атақтары күшін жойды. Бұған басты себеп - допинг дауы.

Рио Олимпиадасы - 2016 жыл

Құрлықтың арғы бетінде өткен Рио Олимпиадасына 26 спорт түрінен 104 спортшы қатысып, бақ сынады. Қазақстандықтар барлығы 17 медаль (3 алтын, 5 күміс, 9 қола) алып, ел спорты тарихында күміс және жалпы жүлделер саны жөнінен рекордтық көрсеткішке қол жеткізді. Алтын медальді Нижат Рахимов (ауыр атлетика), Дмитрий Баландин (жүзу спорты), Данияр Елеусінов (бокс) жеңіп алды.

Токио Олимпиадасы - 2020 жыл

Естеріңізде болар Токио Олимпиадасы коронавирус пандемиясына байланысты бір жылға кешігіп, 2021 жылдың жазына ауыстырылған болатын. Кешігіп жеткен Олимпиада ойындары Қазақстан спортшылары үшін ең сәтсіз ойындардың бірі болды. Спортшыларымыздың мұндай Олимпиадада чемпион атана алмауы тәуелсіз елдің тарихында алғаш рет орын алды. Тіпті, алтын түгіл күміс жүлденің өзі көзден бұлбұлдай ұшты. Спорттың 27 түрінен бақ сынаған 97 спортшымыз 8 қола медальмен жалпыкомандалық есепте 83 орынға табан тіреді. Қола медалді Елдос Сметов (дзюдо), Игорь Сон, Зульфия Чиншанло (екеуі де ауыр атлетика), Сәкен Бибосынов, Қамшыбек Қоңқабаев (екеуі де бокс), Нұрислам Санаев (еркін күрес) және Дархан Асәділов пен Софья Берульцова (екеуі де каратэ) сынды спортшыларымыз иеленді.

Алда – Париж

Бұл күндері Франция астанасы Париж қаласында өтетін ХХХІІІ жазғы Олимпиада ойындарына іріктеу турнирлері толығымен аяқталды. Қазіргі таңда төртжылдық додаға жолдама жеңіп алған қазақстандық спортшыларымыз соңғы оқу-жаттығу жиындарын өткізіп жатыр. Қазақстан құрамасы Олимпиада ойындарына спорттың 25 түрінен 80 жолдама жеңіп алды. Нақтырақ айтсақ, бокс, дзюдо, спортттық гимнастика, жеңіл атлетика, байдарка мен каноэде есу, оқпен ату, семсерлесу, грек-рим күресі, еркін күрес, садақ ату, стендтік ату, теннис, велошоссе, жүзу, заманауи бессайыс, таеквондо, велотрек, батут гимнастикасы, бадминтон, академиялық есу, көркем гимнастика, триатлон, үстел теннисі, құзға шығу және брейкингтен Олимпиада ойындарында сынға түседі. Естеріңізге сала кетейік, Франция астанасы Париж қаласында өтетін XXXIII жазғы Олимпиада ойындары 26 шілде мен 11 тамыз аралығында өтеді. Ойындарға әлемнің 205 елінен 10 500 спортшы қатысады деп жоспарланған. Онда 32 спорт түрінен 329 медаль жиынтығы сарапқа салынады.

Парижде отандастарымыз жанкүйерлерімізді жерге қаратпайды деген сенімдеміз.