Аудандарда Жаңа жыл мерекесі қалай атап өтіледі?

697
көрілім

Әлдекімдер шығар есікке таяп қалған Тышқан жылына әжуа қосып, өзімен бірге ала келген ауыртпалық пен қиын-қыстау сәттерге қарамастан соңын әзілге айналдыруда. «2020 жыл, қаңтар, ақпан… қайтадан желтоқсан айы. Осымен 365 күнді үш аймен қорытындылап отырмыз» дейді. Жаналқымнан ала түсіп, жауар бұлттай төбеден төнген індет талай адамның жоспарын өзгертіп, айдың-күні аманда өзін-өзі оқшаулауға дейін жеткізді. Дегенмен әр жылдың өз қорытындысы болады. Осы ретте аудан әкімдіктерінен Жаңа жылға деген жоспары жайлы сұрастырып көрген едік.

Ұлан ауданы

Мерекені атап өтуге бюджеттен қаржы бөлінгендігі белгілі. Бұл жайлы алғаш болып қала басшылығы жариялаған-ды. Ресми мәліметтерде көшелерде безендіру үшін 40 млн теңгеге жуық қаржы бөлінді делінген болатын. Ал Ұлан ауданының әкімдігі мерекені атап өтуге 350 мың теңге бөлінгендігін мәлімдеді.

– Пандемияға байланысты Жаңа жыл мерекесін атап өту қарсаңында мерекелік бағдарлама онлайн форматта ұсынылады. Орталық алаңға шырша орнатуға бюджеттен қаржы бөлінген жоқ. Аудандық Мәдениет үйінің алдында табиғи шырша 2018 жылы орнатылған, – деді аудандық ішкі саясат бөліміндегілер.

Ал аудан әкімі шыршасының жөні бөлек. Оны тағатсыздана күтетін бүлдіршіндер жетерлік. Аудан әкімдігіндегілер ұсынған мәліметке сәйкес оған 65 бала қатысады. Олардың қатарында әлеуметтік көмекті қажет ететіндер санатындағы және 9-11 сынып аралығындағы дарынды һәм озат оқушылар бар:

Әлеуметтік көмек қажет ететіндер немесе дарынды оқушылар

Саны

1

Ата-анасының қамқорлығынсыз қалғандар

3

2

Аз қамтылған отбасынан шыққан балалар

13

3

Жетім балалар

1

4

Көпбалалы отбасынан шыққан балалар

40

5

Дарынды оқушылар

8

Дегенмен коронавирус инфекциясының таралуына байланысты жаңажылдық шыршаның қай күні өтетіндігі әлі анықталмаған. Шектеу шаралары жалғасқан жағдайда аталған оқушылардың әрбіріне еншілі сыйлықтары үлестіріліп беріледі. Одан бөлек, әр балаға 30 мың теңге шамасында қаржылай сыйлықтар қарастырылған.

– Халықтың әлеуметтік осал топтарына Жаңа жыл мерекесін атап өтуге жергілікті қазынадан қаржы бөлу қарастырылмаған. Отшашуларға келсек, пандемия салдарынан ұйымдастырылмайды. Соған байланысты мерекені атап өту биыл онлайн форматта өтеді, – деді ішкі саясат бөліміндегілер.

Зайсан ауданы

Бұл өңірдің ауылдық округтерінде аз қамтылған, мүмкіндігі шектеулі балаларға кулектер мен сыйлықтар жергілікті бюджеттен бөлінген 398 мың теңгеге сатып алынбақ. Аудан әкімінің орынбасары Серікхан Нұртазиннің айтуынша, Жаңа жылды қала көлемінде атап өтуге жергілікті қазынадан екі миллион теңге қаржы бөлінді.

– Бұл сомаға Орталық алаң, Абай атындағы саябақ, аллеялар мен скверлер, Жангелдин көшесіндегі ағаштар мен шыршалар жарық шамдарымен безендірілмек. Мерекеге орай қайырымдылық шарасы ұйымдастырылады. Аз қамтылған отбасынан шыққан балаларға арнап 100 дана қыстық куртқа сатып алынады, – деді ол.

Аудан, ауылдардағы орталық алаңдарға шырша орнату үшін жергілікті бюджеттен ақша бөлінбеді. Індет іргеде жүргендіктен шырша орнатылмайды. Ұлан ауданынан өзгешілігі, бұл жақта әкімнің шыршасы өткізілмейді. Сайып келгенде, көптеген шараларды өткізуге тыйым салынған.

– Жаңажылдық отшашулар ұйымдастырылмайды. Биылғы мерекенің ерекшелігі сол, Жаңа жылға арналған шаралар онлайн форматта өткізіледі. Балабақшалардағы кезекші топтарда ертеңгіліктер қолға алынбақ. Карантиндік шектеу шараларына байланысты мерекелік шаралар, концерттік бағдарламалар, құттықтаулар аудан тұрғындары үшін онлайн форматта ұсынылады, – деді аудан әкімдігіндегілер.

Глубокое ауданы

Бұл жақта қысқы мерекені атап өтуге едәуір қомақты қаржы бөлінген. Аудан әкімінің орынбасары Елена Старенкованың сөзінше, биыл 1 млн 680 мың теңге қаржыға жаңажылдық шаралар өткізбекші.

– Жергілікті атқарушы және өкілетті органдардың шешіміне сәйкес Жаңа жылды өткізу үшін білім беру мекемелерінде көпбалалы отбасылардан шыққан 168 балаға, мүгедектер мен жетім балаларға 1 млн 680 мың теңгеге, сондай-ақ аз қамтылған, көпбалалы және әлеуметтік қорғалмаған отбасылардан шыққан 315 балаға демеушілік көмек есебінен (шаруа қожалықтарының басшылары, жеке кәсіпкерлер, ата-аналар комитеті, ардагерлер кеңесі) 915 мың теңгеге жаңажылдық сыйлықтар сатып алу жоспарлануда, – деді ол.

Белгілі болғандай, Глубокое кентінің орталық алаңына демеушілік қаражат есебінен сатып алынған табиғи шырша орнатылмақ. Иә шектеу шараларының жалғасуы әр аудан әкімдігінің мереке қарсаңында құрған жоспарын өзгертетіндігі сөзсіз. Глубокоелықтар да осыны есепке алып, шектеулер жалғасқан жағдайда әкімнің шыршасы өткізілмейтіндігін алға тартуда. Десе де санитарлық нормаларды сақтай отырып, жаңажылдық кейіпкерлер – Аяз ата мен Ақшақар үйді-үйлерге сырты көркемдеп безендірілген сыйлықтарды үлестіретін көрінеді. 20-31 желтоқсан аралығында Мәдениет үйлерінде Жаңа жылды қарсы алуға арналған онлайн іс-шаралар қолға алынбақ:

  • Аяз ата мен Ақшақардың құттықтауы;

  • «Жаңажылдық қаптан тосынсый» аталатын өз қолымен жасаған жаңажылдық сыйлық үшін конкурс (мектеп жасындағы балалар арасында) өткізу;

  • «Жаңажылдық ошақ» атты отбасы болып жаңажылдық дәстүрді көрсете отырып, отбасылық шеңберде өткізілетін байқауға қатысу;

  • Жастар арасында «Мен – Аяз ата» байқауы;

  • «Жаңа жыл құтты болсын!» атты көпбалалы отбасыларға арналған Аяз ата мен Ақшақардың құттықтауы (аудандық акция);

  • 26-27 желтоқсанда Дене шынықтыру және спорт тақырыбында ең үздік онлайн өлең байқауы;

  • Жаңа жылға және қысқы спорт түрлеріне арналған үздік сурет байқауы өтеді.

      • Аудан әкімдігі ұсынған мәліметке сүйенсек, 30-шы желтоқсан күні мүмкіндігі шектеулі балаларды құттықтап, естелік сыйлықтар тапсыру жоспарлануда.

    – Орталық алаңда тұрғындардың топталуын болдырмау мақсатында мерекелік отшашу болмайды. Жаңа жылға арналған барлық шаралар онлайн режимде өтеді, – деді Елена Васильевна.

***

Жаңа жылды атап өтуге байланысты бірнеше әкімдіктің берген жауаптары осындай. Шектеу шаралары жалғаспай, мақсат еткен жоспарлары орындалса екен дейміз. Бәрінен де бүлдіршіндердің қуанышы мен тағатсыздана күткен сыйлыққа қол жеткізген сәттері маңызды. Газетіміздің келесі санында тағы бірнеше ауданның жаңажылдық жоспарын ұсынатын боламыз.

Әділхан ЕСІМХАНОВ