- Сәтпаев даңғылы бойындағы 11 және 13- тұрғын үйлердің аулаларындағы көлік тұрақтатуға арналған орындарды кейбір тұрғындар өздері иеленіп алған. Аула ішіндегі жол жиегін кеңейтіп, көлік тұрақтайтын қалташаларға әркім өз көлігінің нөмірі жазылған тақтайшаларды іліп қойған. Өзім осы үйлердің бірінен пәтер жалдап тұрушы едім. Көлігімізді қояйық десек көршілеріміз "сендер бұл жерге көлік қоятын құқықтарың жоқ" дейді. Өздері ақша төлеп, жол жиегін кеңейттіргендерін алға тартқан олар өзгелерді тұраққы маңайлатар емес. Жалпыға бірдей аула аумағын осылайша иемденуге бола ма?
Өскемен қаласынан тұрақты оқырман
Сайтымызға ресми хатпен жауап берген Өскемен қаласы әкімінің орынбасары Ержан Қоңырбаев жер заңдарының сақталуын, оның ішінде мемлекеттік жерлерді заңсыз иелену фактісі бойынша бақылауды Шығыс Қазақстан облыстың жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасының жүзеге асыратынын айтады. Бұл орган жеке және заңды тұлғалардың тиісті өтініштері бойынша тексерулер жүргізеді. Қазіргі уақытта аталған басқарма Ворошилов көшесі, 152 үй мекенжайында орналасқан. Байланыс телефоны: 8 (7232) 701-766.
- Бірыңғай мемлекеттік жер тізілімінің мәліметтеріне сәйкес, Қаныш Сәтпаев атындағы даңғылдың №11, 13-тұрғын үйлерінің аула аумақтары мемлекеттік меншікте, - дейді қала әкімінің орынбасары. - Мемлекеттік жер учаскелерін тұрақтардан босату жоғарыда аталған басқарма еліміздің Жер кодексіне сәйкес автокөлік иелеріне әкімшілік шара қолданғаннан кейін, яғни әкімшілік айыппұл салынған соң сот тәртібімен жүзеге асырылады.
"Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы" Заңының 45-бабының 3-тармағына сәйкес, елді мекендер аумағын пайдалану режимі мен тәртібі бекітілген қала құрылысы құжаттамасымен белгіленген аймақтардың бөлінуіне қарай анықталады. Қаланың Бас жоспарына сәйкес, аумақтарды аймақтарға бөлу шекаралары белгіленген. Тұрғын үй құрылыстары тұрғын аймағы шекараларында орналасқан. Аула учаскелері ортақ пайдаланудағы аумақ болып есептеледі және шектес үйлердің абаттандыру элементтерін орналастыру үшін көзделеді.
- Үйдің іргетасынан тыс орналасқан жер учаскесін пайдалану тәртібі кондоминиум қатысушыларының келісімімен, қоғамдық мүдделерді, санитарлық-гигиеналық, экологиялық. өртке қарсы, қала құрылысы және басқа да нормаларының сақталуы шартымен айқындалады, - дейді Ержан Қоңырбаев. - Аула аумағы ортақ пайдалану объектісі екенін ескере отырып, үй жанындағы аумақта тұрақ құрылысын салу мәселесі "Тұрғын үй қатынастары туралы" заңына сәйкес, тұрғындардың ортақ жиналыс хаттамасымен ресімделген және көпшілігінің дауыс беруімен бекітілген жазбаша келісілген жағдайда қаралады. Хаттамада абаттандырудың орны мен мақсаты, сондай-ақ құзырлы органдарда тұрғындардың мүдделерін білдіретін уәкілетті өкілі көрсетіледі.
- Көлік тұрақтарын абаттандыруға рұқсат беретін құжаттарды ресімдеу үшін Киров көшесі, 33 үй мекенжайында орналасқан Өскемен қаласының сәулет және қала құрылысы бөліміне жүгінулері қажет, - деп қосты жауапты тұлға.