ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова жетекшілік еткен үкіметтік жұмыс тобы Шығыс Қазақстанға келді. Іссапар барысында үкімет мүшелері Өскемен және Семей қалаларындағы ауруханалардың жай-күйлерімен танысты.
Шырайлы Шығысқа келген жұмыс тобының құрамында еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев, Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинова, Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов, Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық комитетінің төрағасы Мархабат Жайымбетов болды.
Үкіметтік делегацияның жұмыс сапары Семей қаласындағы жедел медициналық жәрдем ауруханасын аралаудан басталды. Аурухана «100 аурухана, 100 мектеп» бағдарламасы бойынша салынған және 325 төсек-орынға шақталған. Мұнда жақында заманауи жабдықтар кешенімен жарақталған Политравма және ортопедия орталығы ашылды. Мамыр айында еліміздегі алғашқы нейрохирургияға арналған гибридті ота жасау бөлмесі ашылады деп жоспарланып отыр. 3 жыл ішінде 18,8 млрд теңге инвестиция салынды, бұл жоғары технологиялы жабдықтар көлемін 2,5 есеге арттыруға мүмкіндік берді.
Өскемен қаласында үкімет мүшелері Роботтандырылған хирургия орталығына табан тіреді. Осыған дейін орталық дәрігерлері мыңнан астам ота жасаған (ангиографада 200 ота, 800 урологиялық және роботта 123 ота). Сонымен қатар бұл клиника базасында Трансплантология орталығы да ашылған.
– Биылғы жылы «Денсаулық» бағдарламасы аяқталады. Алдағы 5 жылға жаңа бағдарлама құрылмақ. Осы орайда Шығыс Қазақстанның медицина саласындағы тәжірибесі бізге керек. Сіздерден ұсыныс күтеміз, – деді Гүлшара Әбдіқалықова.
Айбын АМАНГЕЛДІҰЛЫ