«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы: ШҚО-да 75 жоба жүзеге асырылды

329
көрілім

Шығыс Қазақстан облысында «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 75 жоба жүзеге асырылған, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Бүгін аймақ басшысы Даниал Ахметов қала және аудан әкімдерімен «Ауыл –ел бесігі» бағдарламасының іске асырылуы бойынша жиналыс өткізді.  
«Бұл бағдарламаға облыстың 116 тірек ауылы кіреді. Қазіргі уақытта 44 елді мекенде 75 жоба аяқталды. Тағы алтауы жыл соңына дейін және 12-сі 2022 жылы жүзеге асырылмақ. Оның ішінде дене шынықтыру-сауықтыру кешендері, бассейндер, мәдениет үйлері құрылысы, мектептерді жөндеу жобалары бар. Өкінішке қарай, кей аудандарда жұмыстардың атқарылу мерзімі ұзаққа созылып кеткен», - деді ШҚО әкімі. 
Оған құрылыс материалдарының қымбаттауы, конкурстардың кеш өткізілуі сынды мәселелер себеп болған.


«Бірақ жобалардың іске асырылуы бірінші кезекте әкімдердің жауапкершілігінде екендігін ескертемін. Осы ретте, туындаған мәселелердің барлығын қарастыратын, сапалы талдау жүргізетін комиссия құруды тапсырдым. Көптеген ауылда біз дене шынықтыру-сауықтыру кешендерін салып жатырмыз. Бірақ мұны демографиялық жағдайды, балалар санын ескере отырып істеу керек. Бүгінде өңірде балалар бұқаралық спортын дамытуға үлкен көңіл бөлінуде. 7000 тегін секция жұмыс істейді. Ауылдық жерлерде жаттықтырушылар саны артып келеді», - деді Даниал Ахметов.