ХХI ғасыр жаңа технологиялар өркендеген дәуір. Бірақ қоғам алға озған мына заманда ауыл мәселесі әлі өзектілігін жойған жоқ. Бізді ауылдың әлеуметтік, мәдени, білім беру деңгейі, әсіресе, ауыл кітапханаларының жағдайы қатты алаңдатады. «Ауыл тұрғындарының, әсіресе жастар мен оқушылардың білім мен ақпаратқа қолжетімділігі қандай деңгейде? Технология дамыған ба?» деген сауалдар үнемі алдымыздан шығады.
Нақтырақ айтсақ, ауыл мен қала арасындағы айырмашылық әлі жер мен көктей. Мұны қала мен ауыл кітапханаларының деңгейінен де байқауға болады. Ауыл тұрғындарының жаңа технологиялар мен жаңа цифрлық қызметтерге толығымен қолы жеткен жоқ.
Мәселен, ауыл тұрғындары, жастар мен оқушылар ауылда отырып-ақ виртуалды түрде музей экспонаттарын тамашалай ала ма? Мысалы, «Алтын адам» туралы мағлұмат алса, ауылда тарих пәнінен дәріс беретін мұғалім сабаққа пайдаланса, нұр үстіне нұр емес пе? Өкінішке қарай, ауыл тұрғындарының мұндай мүмкіндікке әлі қолы жетіп отырған жоқ. Мысалы, Өскемендегі О. Бөкей атындағы орталық қалалық кітапханасының бүкіл әлемге ұсынып отырған «BOKEY.KZ» цифрлық кітапханасы да ауылдың жас жеткіншектеріне көп рухани азық берер еді. Осы цифрлық кітапхана арқылы Алтайдың кербұғысы атанған жазушы жерлесіміз Оралхан Бөкейдің кітаптарын оқыса керемет болар еді-ау!
Осындай мәселелерді ескеріп, Оралхан Бөкей атындағы кітапхана Өскемен қаласының іргесінде қоныс тепкен «Шығыс» ауылында заманауи «IT – орталық» ашты. Мақсаты – ауыл балаларына заманауи технологиямен жұмыс істеуді үйрету. Бүгінгі таңда Шығыс ауылында 6123 тұрғын болса, оның 80 пайызы Моңғолия мен Қытайдан атажұртына оралған ағайындар. Көпшілігі көпбалалы, әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылар. Ауылдың балалары қалаға қатынау қиындығына байланысты жан-жақты дамытушы үйірмелер мен мектептен тыс қосымша сабақтарға бара алмайды. Ата-аналар мен мектептің де балаларды жаңа технологиямен қамтамасыз етуге жағдайы келе бермейді.
Шығыс ауылындағы №12 кітапхана бөлімшесінде IТ орталығының құрылуы жас жеткіншектердің цифрлық технологияға бейімделіп, осы сала мамандығына бет бұруына жол ашты.
Жаңадан ашылған «IT орталықта» жас жеткіншектер сандық үлгіде сауатын ашып, бағдарламалау, 3D үлгі жасау, 3D басып шығару, робототехника және басқа да технология жаңалықтары бойынша білім алады. Lego құрылымдары көмегімен робот үлгілерін жасап, компьютердегі қосымша арқылы олардың қимыл-қозғалысын бағдарламалауды үйренеді. Сайтқа арналған кодтар мен мобильді қосымшаларды жазуды, компьютер ойындарын және үздік бағдарламаларды құруды меңгереді.
«IT білгірі» жобасы аясында «digital fashion» - ұлттық киімдер үлгісін жасау, «ROBOTICS» курстарына қатысып, үздік аяқтаған жас жеткіншектерге арнайы сертификаттар табысталады.
«IT орталығының» сабақтарын Оралхан Бөкей атындағы орталық кітапхананың білікті мамандары жүргізеді. Оралхан Бөкей атындағы кітапханалар жүйесінің «Жас IT маманы» жобасы аясында жүзеге асырылған игілікті істің демеушісі – Өскемен қаласындағы «Қазцинк» кәсіпорны.
Ауылды жерлерде осындай жаңа технология орталықтары көбірек ашылса, жас өрендердің технологиялық білім алуына үлкен көмек болар еді. Оралхан Бөкей атындағы кітапханасының мұндай жаңашылдығы – еліміздің кітапханаларына үлгі боларлықтай пайдалы жоба!
Шекер Нұрғалымқызы, Оралхан Бөкей атындағы кітапхана қызметкері.