Ауыр атлетикадан жастар арасындағы ел чемпионатында шығысқазақстандық зілтеміршілер үш медаль иеленді

618
көрілім

Дегенмен зілтеміршілер бәсекесі әлі жалғасуда. Онлайн тәртібінде өткізіліп жатқан жеке-командалық ел чемпионатына 20 жасқа дейінгі жастар мен бұрымдылар қатысуда, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, сайыс осындай сипатта тұңғыш рет қолға алынған. Әлбетте, іргедегі індет әлі де болса кеулеп тұрғандықтан спортшылардың денсаулығы басты назарға алынған.

– Әр спортшы өзі жаттығу жасап жүрген қаладан немесе елде мекеннен әр салмақ бойынша зілтемірді көтереді. Онлайн эфир іске қосылмайды. Есесіне жарыс нәтижесі сол күні бірден шығарылып отырады. Бір есептен, спортшылар үшін шығын аз болмақ, жаттығу орындауда жанында бапкері болса жетерлік, – дейді чемпионатқа жауаптылар.

Облыс спортшылары бәсекенің алғашқы күні-ақ қоржынға алтын медаль салды. Осыған дейін ел чемпионатында тұғыр сатысынан көрініп жүрген Ерназ Алпысов 55 келіге дейін салмақта топ жарды. Бұрымдылардан 45 келі салмақта қос бірдей жерлесіміз Александра Беленко мен Елена Переяславская алтын және күміс медальдарға қол жеткізді. Алайда келесі күндері шығысқазақстандық ауыр атлеттерге жүлдеге іліну мүмкін болмады.

Алда әлі ауыр салмақтағы спортшылар қос жаттығу түрі бойынша өз мүмкіндіктерін байқайды. Чемпионат қараша айының 7-не дейін жалғаспақ.

55 келі салмақ қорытындысы:

1. Ерназ Алпысов (ШҚО) – 215 келі (95+120)

2. Мақсат Қуантқан (Қызылорда облысы) – 211 келі (94+117)

3. Рустам Урашев (БҚО) – 205 (91+114)

Қыздар арасында 45 келі салмақ қорытындысы:

1. Александра Беленко (ШҚО) – 110 келі (50+60)

2. Елена Переяславская (ШҚО) – 73 келі (33+40)

3. Полина Иванова (Қостанай облысы) – 67 келі (31+36)

Айта кетейік, жүлделі орындар 20 және 23 жасқа дейінгі жас ерекшеліктері бойынша сарапқа салынуда.