Семей қаласына жергілікті зауыт құрастырған 170 жаңа автобус сатып алынады, деп хабарлайды газет тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Шаһардағы қоғамдық көліктерді жаңалау мақсатында жергілікті «СемАЗ» зауытынан 170 жаңа көлік сатып алынбақшы. Жобаны «РБК Лизинг» компаниясы қаржыландырады. Облыс бюджетінен алғашқы жарна ретінде 620,2 млн теңге бөлінбек. Жобаның жалпы құны - 4,135 млрд теңге. «РБК Лизинг» ұсынған 3,5 млрд теңгені «Sеmey Bus» ЖШС жеті жылдың ішінде қайтаруы тиіс. Аталмыш қаражатқа 40 млн. теңге тұратын 30 автобус, 29 млн. теңге тұратын 80 автобус, 10,2 млн теңге тұратын 60 автобус алынады.
– Қаладағы қоғамдық көлік шаруашылығын жаңғырту үшін «Sеmey Bus» ЖШС-ін құрдық. Оның 49 пайызына қала әкімдігі иелік ететін болады. Қалған 51 пайызы жекеменшікке тиесілі. Сатып алынатын автобустың бәрі «Daewoo» маркалы жергілікті өндіріс өнімдері, – дейді қала әкімі Ермак Сәлімов.
Айбын АМАНГЕЛДІҰЛЫ