Аягөз ауданының әкімі Сейілбек Ысқақов жуықта аудандық «Nur Otan» партиясы филиалының ғимаратында аудан тұрғандарымен қабылдап, өтініш-шағымдарын қабылдады. Иә, шешілмеген мәселелер аз емес, дей тұрғанмен жауапты тұлғаның тұщымды жауап берген тұстары да болды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Аудан басшысының сөзінше, тұрғындар тарапынан жиі қойылған сұрақтар таза ауызсу, баспана мәселесі және қала тазалығына қатысты болды. Одан бөлек, Оңтүстік қалашықтағы интернет машақаты, көктемгі су тасқыны кезінде тұрғындар жиі жүретін жерлердегі көпір құрылыстары да аудан басшылығына қарата айтылды.
– Өздеріңізге белгілі, биыл қаламыздың 37 көшесінде таза ауызсу тарту жұмыстары жүргізіледі. Сонымен қатар баспана мәселесі бойынша несиелік және жалға берілетін тұрғын үйлер құрылысы басталмақ. Одан бөлек, «Шаңырақ», «Бақытты отбасы» бағдарламалары арқылы баспанамен қамту жұмыстары жүзеге асатын болады, – деді Сейілбек Ысқақов.
Ал қала тазалығына байланысты қазір тазалық компанияларымен конкурстық шаралар жүзеге асырылып жатқан көрінеді. Аудан басшысы бір сөзінде қабылдауына келген жетім балаларды асырап отырған ананың баспаналы болғандығын жеткізді. Әлбетте, қуанышты жайт! Сондай-ақ жергілікті демеушілердің қолдауымен бір отбасының тұрмысына көмек көрсетілетінін мәлімдеді. Атын атап, түсін түстеудің қажеті жоқ болар, бастысы кімге көмек көрсетілетіндігін әкімдік назарына алынған екен.
– Осы мәселені мейілінше тезірек бақылауыңызға алсаңыздар екен. Өзім көпбалалы анамын. Қазір интернет деген ауылдардың тең жартысында бар, алайда қалада тұрып бізде жоқ, – дейді Оңтүстік қалашық тұрғындарының бірі.
Бұл ретте аудан әкімдігі түйіткілді шешімінің табылатындығына сендірді.