Аягөз ауданында ауызсу мәселесі шешілмек

869
көрілім

Аягөз ауданының әкімі Ділдәбек Оразбаевтың әлеуметтік желілердегі парақшаларына жергілікті тұрғындардан ауызсу мәселесі жайлы өтініш жолдайтындар бар. Аудан басшысы бұл тұрғыда бірсыпыра жұмыс атқарылып жатқандығын атап өтті, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

Бұл жайлы Ділдәбек Тәжібайұлы өзінің фейсбуктегі жеке парақшасына жазды:

– Бүгін менің әлеуметтік желідегі жеке парақшама түскен өтініштердің ішіндегі өзекті мәселелердің бірі – ауызсуға тоқталмақпын. Жалпы, Аягөз қаласында ауызсумен қамту бойынша жүргізілген жұмыстар дұрыс жоспарланбаған. Сол себепті қазіргі таңда осы мәселені сараптап, зерттеу үшін арнайы ғылыми орталықтардың мамандары арқылы жұмыстар жүргізудеміз. Қала ішіндегі бірқатар көшелерде судың жоқтығы, жаз басталса көп қабатты үйлердің жоғарғы қабатына су жетпей қалатыны жайлы маған мәлім. Бұл төңіректе жұмыстар жүргізілетін болады.

Аудан басшысы осы орайда әкімдік отырысында тиісті бөлім, мекемелерге тапсырма жүктеді. Сонымен қатар ауызсу тартудың 5 кезегінің жобалық сметалық құжаттары әзірленген болатын.

– Десе де, оған бір қатар көшелер енбей қалған. Сондықтан қайтадан жоспарлап, жобалық сметалық құжатын әзірлеу бойынша толықтыру жүргізіледі. Бірақ мұның бәрі бір күнде шешіліп, үйлеріңізге бірден су барады демеймін. Уақыт керек. Сол үшін сабырлық пен шыдамдылық танытуларыңызды сұраймын, – дейді Ділдәбек Оразбаев.

Айбын АМАНГЕЛДІҰЛЫ