Аягөз ауданында күзетшіні соққыға жығып, оқ атқан ер адам түрмеге қамалды

680
көрілім

Ащы судан ұрттап алған Аягөз қаласының тұрғыны темір жолдың арғы бетіне өтпек болады. Жолды қысқарту мақсатында ер адам Аягөз жол дистанциясы мекемесінің шеберханасына кіріп кеткен. Сол кезде оны көріп қалған күзетші жүгіріп келіп, бұл жерден кетуін талап етеді. Алайда есірік су жал бітірген еркек күзетшіге шүйлігіп, соққы жұмсаған. Бұл аздай, оның атыс қаруын тартып алған аягөздік қарсыласына оқ атып, оқиға орнынан тайып тұрады.

 

Берік Сағындықов (аты-жөндері толықтай өзгертілген) осыдан 5 жыл бұрын заңды белден басқаны үшін сотты болып, 3 жыл түрмеге отырып шыққан. 2018 жылы 29 жасқа келген ер адам темір тордың арғы жағынан еш сабақ алмаған сыңайлы…

…Тұрақты жұмыс орны болмаған Берік сыныптас досымен көшеде кездесіп ішімдік ішеді. Сағат 22.30-дар шамасында теміржолдың арғы жағына өтпек болған ол жолды қию мақсатында Аягөз жол дистанциясы мекемесі шеберханасының ауласына жабық тұрған темір қақпаның астынан өтіп кірген. Берікті көзі шалған күзетші Еркебұлан лезде оның қасына келіп, «Сен мұнда не істеп жүрсің? Бұл жерге кіруге болмайды! Дереу кет!» деп өзінің заңды міндеттерін атқарады. Бірақ масайған адам айтқан сөзді ұға ма?! «Не үшін шығуым керек?! Шықпаймын!» деп сірескен Берік күзетшінің бет тұсына жұдырығымен бірнеше рет соққы жасап, жерге құлатқан. Еркебұланның белдігіндегі қызметтік «Walter PPT» маркалы резеңке оқ ататын тапаншаны байқаған еркек оны тартып алады. Атыс қаруын күзетшінің іш тұсына бағыттаған Берік шүріппені басып кеп жібереді. Осының салдарынан ауыр дәрежедегі дене жарақатын алған жәбірленуші есінен танып қалған. Ал сол жерден із суытқан Берік тапаншаны өзімен бірге ала кетеді.

Аягөз аудандық сотында қаралған сот ісінде айыпталушы өз кінәсін ішінара мойындады.

– Аягөз жол дистанциясы мекемесінің шеберханасына жолды қысқарту мақсатында кірдім, – деп жауап берді ол сот отырысында, – Мені көрген күзетші шығуымды талап етіп, балағат сөздер айтты. Осыған ашуланып кетіп, қол жұмсадым. Күзетші тапаншасына жармасқанда, қаруды тартып алуыма тура келді.

Сот үкімі бойынша Берік Сағындықов ҚР Қылмыстық Кодексінің 293-бабы, 3-бөлігінің 2-тармағымен, 106-бабы, 2-бөлігінің 2,7 тармақтарымен және 287-бабының 2-бөлігімен кінәлі деп танылып, 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды. Үкім толықтай заңды күшіне енген.

 

Асқар ТҰМАРБЕК