Шілде айының соңында Аягөз ауданында мас күйінде көлік тізгіндеген жүргізушіні тоқтатпақ болған полиция қызметкерлері оқ ата бастаған. ШҚО ІІД баспасөз қызметінің хабарлауынша, сол кезде көліктің ізіне түскен жол сақшылары көлік салонында тағы бір адамның бар екендігін білмеген. Атылған оқтардың бірі дөңгелектен тайқып кетіп, көлік салонында отырған жолаушының омыртқасына тиеді. ШҚО ІІД-нің мәлімдеуінше, көлікті тоқтатқан полицейлер қарсылық көрсеткен жүргізушіні сабасына түсіріп жатқанда Мамырсу ауылының тұрғындары көлік артындағы жаралы азаматты тәртіп сақшыларына білдіртпей сыртқа алып шығуы мүмкін. Ал жәбірленушінің ұлы Әлібек Бармантаев орын алған оқиғаның бұл нұсқасымен келіспейтінін айтты. Оның сөзіне сүйенсек, жараланған 63 жастағы ер адамды тәртіп сақшыларының көргенін дәлелдейтін куәгерлер бар, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.
Қашып құтылмақ болды
Естеріңізге сала кетсек, 26 шілде күні Аягөз қаласында полиция қызметкерлерінің «тоқта» деген ескертуін елемеген «Мазда-323» көлігінің жүргізушісі ауыл арасындағы жолмен тәртіп сақшыларынан ізін суытпақ болған. Полицейлер жол ережесін сақтамаған жүргізушіні бірден соңына түседі.
– Қуалау барысында құқыққорғаушылар қызметтік қаруды қолдануға мәжбүр болды. Полицейлер барлығы 3 рет оқ атқан. Бірінші оқ ескерту ретінде аспанға атылды, – деп хабарлады ШҚО ІІД баспасөз қызметі. – Көліктің артқы дөңгелектеріне бағытталып атылған қалған екі оқтан кейін қашып бара жатқан жүргізуші көлігін тоқтатты. Тәртіп сақшыларына қарсылық көрсеткен 63 жастағы жүргізуші полицейлерді екі рет теуіп жіберіп, бірінің киімін жыртып тастаған. Қолға түскен ер адам жергілікті полиция бөлімшесіне жеткізіліп, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Алайда оқиға желісі осымен аяқталмайды. Соңынан анықталғандай, атылған оқтың бірі көлік артында отырған жолаушыны жаралапты.
– Екі оқтың бірі дөңгелектен тайқып кетіп, көлік ішінде отырған 1954 жылғы ер адамға тиген, – дейді ШҚО ІІД. – Омыртқасы жараланған азамат ауруханаға жеткізілді. Аталған факті бойынша сот алды тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Дегенмен жәбірленушінің жақындары орын алған оқиғаның бұл нұсқасымен келіспейтіндерін айтты.
«Артқы шамға да оқ тиген»
Орал Бармантаев пен Райып Закиров араларына қыл түспеген достар. Екеуі жиі кездесіп, әңгіме-дүкен құрысып тұратын. Осындай кездесулердің бірінде екі дос ішімдік ішіп демалмақ болады. Араға біраз уақыт салғаннан кейін Орал Бармантаев тойға бару керектігін айтып, досынан үйіне жеткізуін өтінген көрінеді.
– Әкем ауылдық спорт кешенінде күзетші болып жұмыс істейді, – дейді Әлібек Бармантаев. – Әріптестерінің бірі сол күні қызының ұзату тойына қонаққа шақырған. Үйде киіп баратын киімдерін дайындап қойған әкем досынан үйге жеткізіп тастауын сұраған болуы керек. Екеуі көлікке отырған кезде көліктің фары жанбай қалған. Аягөз қаласының ішінде жүріп келе жатқан кезде осыны көрген жол-патрульдік полиция қызметкерлері көлікті тоқтатпақ болады.
Ішімдік ұрттап алған Райып Закиров көлікті тоқтатпай қаша жөнеледі. Полицейлер тәртіпке бағынбаған көлік иесін көзден таса қылмай, бірден ізіне түседі.
– Әрине, жүргізушінің бұл әрекеті дұрыс емес, бірақ оқиғаның ары қарайғы желісі таңқалдырмай қоймайды. Көліктің ізіне түскен тәртіп сақшылары Мамырсу ауылына келгенде оқ ата бастаған. Қанша рет оқ атқанын нақты білмеймін, бірақ оқ екі дөңгелекке де, көліктің артқы шамына да тиген (суретте). Полиция қызметкерлері артқы терезелер қараңғыланғандықтан (тонировка) көлік салонындағы отырған әкемді байқамағандарын алға тартуда. Сонымен қатар, олар атылған оқ дөңгелектен тайқып кетіп, көліктің артында отырған әкеме тигендігін айтады. Мен өзім оқиға орын алған соң сол көлікті жан-жақты зерделеп шықтым. Біріншіден, көліктің артқы терезелері қараңғыланбаған. Екіншіден, оқ дөңгелектен емес, артқы шамнан өтіп барып әкемнің омыртқасын жаралаған (суретте), – дейді Әлібек Бармантаев.
Көлік тоқтағаннан кейін жүргізуші Райып Закиров пен полиция қызметкерлерінің арасында текетірес туындаған.
– Сол уақытта маған бір досым қоңырау шалып, «Сенің әкең жерде жатыр. Ал оның қасында екі полиция қызметкері тұр» дегенді айтты, – деп жалғастырды зардап шегушінің ұлы. – Егер олардың адамгершілігі болса неге әкеме көмек көрсетпеді? Бірден ініме қоңырау шалып, әкемізді алып кетуін сұрадым. Арада бірнеше минуттар өткен соң інім хабарласып, әкеміздің көрші үйдің алдында жатқандығын жеткізді. Оған бұл хабарды көршілердің өздері айтыпты. Мен бірден сыртқа шығып, көрші үйге қарай жүгірдім. Қарасам, әкем жерде жатыр. Қозғала алмайды, ал арқа тұсынан қан ағып тұр. Ол «Екі аяғым қозғалмай қалды. «Жедел-жәрдем» шақыршы» дегенді зорға айтты. Әкемнің осындай хәлде жатқанын көргенде зәре-құтым қалмады. Біреу-міреу ұрып-соғып кетті ме деген жаман ой келді. Одан не болғандығын сұрадым. Сонда әкем «Мені полиция қызметкерлері ұрды» деді. Расында да оның құлағының артында және тізесінің үстіңгі жағында көгеру белгілері бар. Тәртіп сақшылары Райып Закировпен «жаға жұлысып» жатқанда менің әкеме де қол көтеріп жіберуі мүмкін. Әкемді осы жерге кім жеткізгендігі әлі күнге дейін белгісіз. Көршілерден сұрастырып едік, олар «Бір қара көлік әкеліп тастады да, кетіп қалды» деді.
Жығылған үстіне жұдырық
Асқар таудай әкесінің осындай күйін көрген Әлібек Бармантаев біршама есеңгіреп қалады. Әкесіне көмек көрсету үшін ол «Жедел-жәрдемге» қоңырау шалған, алайда олардың жауабы Әлібекке жығылған үстіне жұдырық болды.
– Жәдел жәрдем қызметкерлері тек сағат тілі түнгі 12-ден асқанда ғана келетіндерін алға тартты. Ал сол кезде сағат 23.00-ден енді асып бара жатқан. Әкемді ауруханаға өз көлігімізбен жеткізуден басқа амал қалмады. Ауруханада әкемді қарап шыққан дәрігерлер «арқасымен өткір затқа құлап түсуі мүмкін» деген болжам жасап, жараны тігіп тастаған. Әкем палатада қалды, ал мен таңғы сағат 4-тер шамасында үйге қайттым. Ал келесі күні түскі уақытта дәрігерлер әкемнің омыртқасынан оқ табылғандығын хабарлады…
Тергеу амалдары жүргізілуде
Қазіргі уақытта ШҚО ІІД оқ атқан полиция қызметкерлеріне қатысты ҚР ҚК-нің 362-бабы, 4-бөлімі, 2-тармағы (қару қолданумен лауазымды уәкілеттілікті немесе билікті асыра пайдалану) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізіп жатыр. Тергеу барысында полицейлердің көлік салонында отырған жолаушыны қалай жаралағандығы және алғашқы көмек көрсетпей қалдырып кету себебі жіті зерттелуде. Осы орайда оқ атқан жол-патрульдік полиция қызметкерлері көлік артындағы жолаушыны мүлде байқамағандықтарын алға тартып отыр.
– «Mazda-323» автокөлігінің ізіне түскен полиция қызметкерлерінің бейнетіркегіштеріндегі жазбада аты аталған көлік жүргізушісі құқыққорғаушылардың заңды талабын орындамай қашып бара жатқандығы айқын көрінеді, – дейді ШҚО ІІД баспасөз қызметі. – Көлік Мамырсу ауылындағы бір үйдің жанына келіп тоқтаған. Полиция қызметкерлері жүргізушіні дереу қолға ұстамақ. Дәл сол кезде де жүргізуші билік өкілдеріне бағынбай, қарсы күш қолданған. Тәртіп сақшылары көлік ішінен сол жүргізушіден басқа адамды көрмеді. Полицейлер құқықбұзушымен сөзге келіп жатқанда ауыл тұрғындарының бірі көлік артында жатқан жаралы жолаушыны жол сақшыларына білдіртпей алып кетуі мүмкін.
Алайда Орал Бармантаевтың жанұясы полиция қызметкерлерінің бұл сөзіне сенбейтіндіктерін айтты.
– Көлік жүргізушісі өз үйінің алдына тоқтаған екен. Сол кезде Райып Закировтың жұбайы, баласы және бауыры сыртқа атып шығады. Бәрін өз көзімен көріп тұрған жүргізушінің әйелі «көлік тоқтағаннан кейін қолдарына қару ұстаған полицейлер көліктің есігін жұлып ашып, күйеуімді төмпештей жөнелді. Балам әкесіне көмектеспекші болып жүгіре бергенде тәртіп сақшыларының бірі қызметтік қаруын балама қарай кезенді. Ұлымды қатты құшақтап алып, көлік жаққа қарай жібермей қойдым» дейді. Ал сол кезде жүргізушінің інісі көлік артында жатқан менің әкемді көтеріп сыртқа алып шықты да, өзі көлікке мініп кетіп қалады. Осының барлығын полицейлер көріп тұрған. Мұны растайтын куәгерлер де жетерлік. Полиция қызметкерлерінің «жаралы кісіні мүлде байқамадық» дегендері не сұмдық? – дейді Әлібек Бармантаев.
Зардап шегушінің ұлы өз наразылығын қағаз бетіне түсіріп, аудандық прокуратураға өткізген. Қазіргі уақытта осы мәселені ШҚО Прокуратурасы өз бақылауына алған.
– 27 шілде күні 63 жастағы азамат ауыр дене жарақаттарымен, яғни бас сүйегі мен миының көлемді зақымымен, сондай-ақ оқ тиген жарақатпен Аягөз аудандық ауруханасына жеткізілген, – деп хабарлайды ШҚО Прокуратурасы. – Жәбірленушінің ол жарақаттарды қалай алғандығы тексерілетін болады. Тергеу барысында барлық мән-жайлар анықталмақ. Облыстық Прокуратура осы оқиғаның заң аясында тергелуін өз бақылауына алды.
Жағдайы ауыр
Орал Бармантаевтың денесінен оқ табылғаны анықталған соң Аягөз аудандық ауруханасының дәрігерлері ер адамға көмек көрсете алмапты.
– Біздің дәрігерлер 63 жастағы ер адамға алғашқы көмек көрсетті, – дейді Аягөз аудандық ауруханасы бас дәрігерінің емдеу жөніндегі орынбасары Ерік Исабеков, – Ал оның омыртқасындағы оқты алу үшін Семей қаласындағы нейрохирургия бөліміне тікұшақ арқылы жеткізуге күш салдық.
Дегенмен облыс дәрігерлерінің де қолынан ештеңе келмеген көрінеді.
– Хирургтердің айтуынша, әкеме тиген оқ дәл жұлынның үстінде тұр, – дейді жәбірленушінің ұлы. – Егер олар оқты алып тастаса, қан тоқтамай ағады. Сондай-ақ, дәрігерлер әкеміздің 90% мүгедек болып қалуы мүмкін екендігін айтуда.
Орал Бармантаевтың енді екі аяғынан нық тұруы екіталай көрінеді. 5 баласын ел қатарлы өсірген ер азаматты жұмыстағы әріптестері мен дос-жарандары мейірбан, қамқор және адал жан ретінде жақсы біледі.
– Мен тек шындық шырағының сөнбегенін қалаймын. Әкемнің осындай халге түсуіне себепші болғандарға тиісті шаралар қолдану керек, – дейді Әлібек Бармантаев.