Аягөз ауданында жасы сексенге тақаған қария өз ұлына пышақ сұққан

777
көрілім

Бауыр еті баласының ішімдік ішіп алғанына ашуланған зейнеткер айқайға басқан. Алайда ұлы жөн сөзге құлақ асқанның орнына әкесін итеріп жібереді. Сол кезде қолына пышақ алған аягөздік әлі күнге шейін өкінетін ессіз әрекетке барған. Бұл жайлы аудандық сотта қаралған қылмыстық істің материалдарынан белгілі болды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі. 

Айғыз ауылында түнгі уақытта үйге мас күйде келген Расулды (есімдері толықтай өзгертілген) әкесі Серікхан тосып алды. Ұлының бұл жүрісіне шамданған 78 жастағы қария оған ақыл айта бастаған. «Әй, арақты қойсаңшы! Қашан түзелесің сен? Мынауың ұят емес пе?!» деген әкесінің сөзін тыңдамаған Расул оны итеріп жібереді. Сол кезде сабыры сарқылған Серікхан жиналмалы пышақты қолына алып, баласының денесіне бір рет сұққан. Осының салдарынан жәбірленушіге ауыр дәрежедегі дене жарақаты келтірілген.

Аягөз аудандық сотында қаралған сот отырысында өз кінәсін толықтай мойындаған айыпталушы:

– Ұлым кеудемнен итеріп жібергенде өзімді ұстай алмай қалдым. Бұл әрекетім үшін қатты өкінемін. Баламнан кешірім сұраймын, – деп жауап берді.

Ал жәбірленуші болса оны кешіретіндігін айтып, судьядан әкесіне жеңіл жаза тағайындауды сұрады. Сот үкімі бойынша Серікхан Мұхтаров Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 106-бабы, 1-бөлігімен кінәлі деп танылып, 3 жылға бас бостандығынан шектелді. Енді зейнеткер 81 жасқа келгенше пробациялық бақылауда болады. Сонымен қатар сотталушы 50 500 теңге мөлшерінде айыппұл төлеуге міндеттелді. Үкім толықтай заңды күшіне енген.

Асқар ТҰМАРБЕК