Аягөз ауданындағы Тарлаулы және Тарбағатай ауылдық округтеріне екі автокөлік берілді. Бұдан былай Таңсық станциясының оқушылары Тарлаулыдағы орта мектепке жаңа Газельмен келіп оқыса, Ақтүбек ауылының оқушылары Тарбағатай ауылындағы мектепке УАЗ-452 көлігімен келетін болады, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.
Бала санының азаюына байланысты оқушыларды жақын ауылдағы орта мектептерге орналастыру жұмыстары Аягөз ауданында жалғасын тауып жатыр. Былтырғы жылы ғана Аягөз қаласына жақын орналасқан Ескі Майлин шағын ауылындағы оқушыларды аудан орталығындағы №4 мектепке тасымалдау үшін ПАЗ автобусы әперілген болатын. Жақында Тарлаулы ауылдық округіндегі Қ.Қадыржанов атындағы «Қызылқия» орта мектебіне жаңа газель автокөлігінің кілті табыс етілді.
Бір апта бұрын алыстағы Ақтүбек ауылының оқушылары үшін де УАЗ-452 көлігі бөлінді. Енді алдағы уақытта ақтүбектік оқушылар Тарбағатай ауылындағы мектепте білім алатын болады.
Аудан билігі ендігі кезекте Ақшәулі ауылдық округіне де автокөлік алып беруді жоспарлап отыр.