Аягөз ауданының әкімі Ділдәбек Оразбаев Баршатас ауылдық округінде көшпелі аудандық әкімдік отырысын өткізді. Жиын барысында атқарылып жатқан жұмыстардың жай-күйі кеңінен талқыланды. Бұл жайлы аудан басшысы өзінің әлеуметтік желілердегі жеке парақшасында жазды, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.
Көшпелі отырысқа аудандық мекеме, кәсіпорын басшылары, кент, ауылдық округ әкімдері және БАҚ өкілдері қатысты. Жиналыста ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуының 2019 жылдың І жартыжылдығының қорытындылары, бюджет қаражатының игерілуі және ІІ жартыжылдыққа жоспарлар туралы ақпарат тыңдалды.
– Баршатас ауылдық округінің әлеуметтік нысандарын аралап, біраз уақыт бұрын ауыл әкіміне берген тапсырмаларымның орындалу барысын тексердім. Әкімдік отырысынан соң Малкелді, Байқошқар, Қосағаш, Бидайық, Мәдениет ауылдық округтерінде болып, тұрғындарға жеке қабылдау өткіздім. Аталған ауылдық округтерінің білім беру, денсаулық сақтау нысандарын аралап, ауыл әкімдеріне мектептердегі ағымдағы жөндеу жұмыстарын 1 қыркүйекке дейін аяқтауды қатаң қадағалап, мектепке дейінгі балғындарды балабақшамен қамту және ауылдардағы ауызсудың 24 сағат бойы үздіксіз беріліп тұруын тапсырдым, – деп жазды Ділдәбек Тәжібайұлы.
Ерхан МҰХАМЕТБЕКҰЛЫ